“Қаржылай көмек берген қамқоршы-меценат еді”: Әншілер Тоқаевтан Қайрат Боранбаевқа рақымшылық жасауын сұрады

3845
Adyrna.kz Telegram
Фото: vlast.kz
Фото: vlast.kz

Назарбаевтың экс-құдасы Қайрат Боранбаевты қолдап, бір топ мәдениет өкілдері Президентке хат жазды. Бұл туралы Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Инстаграм парақшасына салды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Осынау қиын қыстау сәттерде, мемлекетіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне және болашақтың жарқын болуына үкімет тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралардың басталуы, сонымен қатар құқық қорғау өкілдерінің көптеген келеңсіз жағдайлардың бетін ашып жатуы да көңілге жылу ұялатады. Біраз еліміздің атпал азаматтары жауапқа тартылып, олардың жасаған тірліктерінің ақ-қарасы тергеліп жатқанынан да хабардармыз. Солардың бірі, ҚР азаматы -Боранбаев Қайрат Советайұлы» делінген жазбада.

Сондай-ақ, Қайрат Боранбаевтың мәдениеттің дамуына көп көмегі тигенін айта кеткен.

«Біздер осынау азаматпен туған бауыр-туыс болмасақ та, бізді жақындастырған қазақтың мәдениеті мен ән өнері еді. Боранбаев Қайрат - бүгінгі күнге дейін қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына, соның ішінде осы жолды арқалап жүрген өнер өкілдеріне әркез қамқоршы болып қана қоймай, керек кезінде қаржылай көмек берген қамқоршы-меценат еді. Осы азаматтың көмегімен қаншама жас талант өздерінің биігіне көтеріле білді. Қаншама өнер майталмандары жеке концерттерін, жеке альбомдары мен бейне клиптерін жарыққа шығарды. Жас буынның жоғары білім алуына, көптеген ата-ананың тұрмыс-тіршілігінің қалыпқа келуіне мұрындық болды.

Құрметті Президент!

Біздер, төмендегі көрсетілген өнер өкілдері - қазіргі кезде басына іс түсіп, тергеліп жатқан Боранбаев Қайрат Советайұлының ісінің обьективті түрде ашық және жеңіл болуына қамқоршы болуыңызды өтіне сұраймыз», деп жазды Инстаграм парақшасына.

Айта кетейік, наурыз айында белгілі кәсіпкер «Қайрат» футбол клубының жетекшісі, ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев ұсталған еді. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталды. Қазір ол сот шешімімен 2 айға қамауға алынған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер