Тұрғындар сайлаған Талғар қаласының әкімі Қайрат Исабаев қызметінен кетті

2369
Adyrna.kz Telegram

Талғар қаласының әкімі болып сайланған Қайрат Исабаев қызметінен кетті, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Шенеуніктің кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды. Ресми жауап алу үшін хабарласқан тілшілерге:

"Аудан әкімдігінің бұл іске қатысты пікір білдіруге құқығы жоқ, өйткені Қайрат Исабаев халық дауысы арқылы сайланған. Сондықтан Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясына өтінішіңізді жолдауыңызды сұраймыз", - деп жауап берді әкімдіктегілер.

Ал, сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дюсебаев бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

"Кеше, 5 сәуірде Қайрат Исабаев өз өтініші бойынша қызметінен кету туралы арыз жазды. Ол денсаулық жағдайына байланысты орнынан кетуге мәжбүр болды. Оның өкілеттігін тоқтату туралы шешім бүгін, 6 сәуірде шығады", - деді Дюсебаев Talgarnewskz тілшісіне.

Еске салайық, өткен жылдың қарашасында өткен қала әкімін сайлауда Қайрат Исабаев жеңіске жеткен болатын. Ол кезде сайлаушылардың 58 пайызы дауыс берді, оның ішінде Исабаев 53,5 пайыз дауысқа ие болды. Әкім лауазымына барлығы үш адам үміткер болды. Басқа кандидаттар - Абзал Сағымбекұлы мен Ұлан Қызайбек сәйкесінше 35,3 және 7,7 пайыз дауыс жинады. Сайлаушылардың 1,6 пайызы барлығына қарсы дауыс берді.

Қайрат Исабаев – хирург. Әкім сайлауында жеңіске жеткенге дейін Қызылқайрат ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі, Талғар орталық аудандық ауруханасы директорының емдеу бөлімі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер