Дәл аузынан атқан: Белгілі дәрігерді өзі емдеген науқас өлтіруі мүмкін

5501
Adyrna.kz Telegram

4 сәуірде Алматыда белгілі дәрігер-гастроэнтерологты атып кеткен еді. Дәрігерді үйінің маңындағы көлік тұрағында өлтіріп кеткен. Көп ұзамай күдікті де қолға түсті. Полицейлер Шумковты өзі емдеген науқас атуы мүмкін екенін алға тартқан, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Юрий Шумков дүйсенбі күні әдеттегідей үйінің маңындағы тұраққа келіп, көлігін оталдырған. Жүргізуші көлігінде отырған оған алдымен алыстан оқ атылған. Кейін қаскөй өз құрбанының ауызынан тағы бір рет атқан. Жаралы дәрігерді алғашқылардың бірі болып көрген тұрақ күзетшісі Садықжан Юлдашев екен.

"Атыс дауыстарын естідім. Келдім, барлық жер қан болды. Тіпті бастапқыда кім екенін танымай қалдым. Дәл ауызынан атып кеткен. Беті толығымен қан болды", - дейді күзетші Садықжан Юлдашев. 

Куәгерлер екі рет атқан соң да дәрігердің тірі болғанын айтады. Ал қаскөй қылмыс орнынан кетуге асықпаған. Жолда оны көк түсті көлік күтіп тұрыпты. 

"Алдымнан қарумен жүгіріп өтті. Күтіп тұрса керек, көлікке мінді де кетіп қалды. Тек мемлекеттік нөмірін көріп үлгердім. Көк түсті көлік, нөмірі 309", - деп қосты Садықжан Юлдашев. 

Қылмыскерге бірден іздеу жарияланған. Қалада арнайы тұтқындау жоспары жарияланып, бірнеше сағаттың соң күдікті қолға түсті. Ол 35 жастағы қала тұрғыны екен. Полицейлер күдіктінің дәрігерде қаралған науқас болуы мүмкін екенін алға тартты. 

 "Қылмысқа не себеп болғаны анықталып жатыр. Ер адамның дәрігерде ем қабылдаған науқас болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Қолында қару болған. Тәркіленіп, сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді", - деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Марқұмның әріптестері қай науқастың мұндай қылмысты жасауы мүмкін екенін білмейді. Юрий Шумков өз ісінің маманы болған. Гастроэнтерология институты басшысының сөзінше, ешкіммен жанжалға түспеген. 

"Бізге психосоматика бойынша ем алуға келеді. Мүмкін психикасы бұзылған шығар. Алайда тізімнен мұндай науқасты таппадық. Керемет дәрігер еді. Емдеген науқастары өте көп. Барлығы тек оң пікір қалдыратын. Жаулары жоқ. Себебі үнемі көңілді жүретін адам еді", - деді Гастроэнтерология институтының директоры Ләйлә Ташенов.

Марқұмның артында екі баласы қалды. Қазір қылмыстық іс қозғалған. Қылмысы дәлелденсе, тұтқындалған азамат 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер