Тарихшы: "Ресейде Путин қадағалап отырған «Орыс әлемі» балаларымыздың миын улауда..."

13257
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Алайда ғаламтордың бәсі биік тұрған тұста біз балаларға арналған қазақша әрі қызықты сапалы контент жасай алдық па? Қазіргі аумалы-төкпелі заманда жаңа Z және альфа ұрпақ қандай ақпаратпен сусындап, кімге қарап бой түзеп жүр? Неге балаларымыз әлі күнге дейін «Spider-Man», «Batman» дегендерді кумир көреді? Ата-анасы, жақындары, айналасы бәрі түгел ана тілінде сөйлесе де, үйдегі балалар неге өзге ұлттың тілінде сайрап жүр? Біз жіберген басты қателік неде? Олардың келешегі не болмақ?– деп бауыр еті баласы үшін күні-түні алаңдап жүрген әр ата-ананың жүрегін ауыртып, көптің көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын біз де іздеп көрдік...

Ел арасында салт-дәстүрiмiздi кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген белгілі қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызы баласы бар отбасының басты, ауқымды проблемасы осы дейді. Өйткені ұялы телефонмен өсіп жатқан балалардың тілі өзге тілде шығып жатыр...

 

«БАЛАЛАР ЖЫЛЫ» БОЛЫП ЖАРИЯЛАНҒАНМЕН  МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ ЖОҚ!

«Қазақ тілінде сапалы мультоптамалар керек. «Балалар жылы» болып жарияланғанмен ауқымды шаралар көріп тұрғаным жоқ. Бұл мемлекет деңгейіндегі жан-жақты қолдау керек болатын жұмыс. Балалар әдебиетіне қолдау керек. Мәселен, мен ұлттық боямақтар шығарып жүрген Венера деген келіншекті білемін. Ұлт болашағы үшін үлкен еңбек жасап жүрсе де, қолдау жоқ. Балабақша жасындағы бүлдіршіндерге арналған «Айтшы, Әжетай» деген тап-тамаша балалар журналын шығарған Сандуғаш Нұрқанова деген рухани сіңлімді қолымнан келгенше журналын жапқызбауға тырыстым. Журналды талай әкімқаралар мен депутаттардың алдына апардым. Қолдау таппадық. Журнал биыл жабылды. Міне, осындай ұлт болашағы мен ел ертеңі үшін жұмыс істеп жүрген ұлт жанашырларына мемлекет тарапынан қолдау керек. Балалар кітабын шығарамын, балалар журналын шығарамын дегендерді «Балалар жылы» қолдаса екен деймін», - дейді Тұрар Сәттарқызы.

 

Осы уақытқа дейін өзімізге тән ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақ бойына сіңіруге барынша тырысып, жан-тәнімен еңбек етіп, арпалысып жүрген тарихшы келешектің қамы деп «Ертегі – ел ертеңі» жобасын біраз жерге сүйреп, апарғанын айтты. Алайда еш нәтиже шығара алмай, мемлекет тарапынан қолдау таппағанына қатты күйініпті... Ертеңгі ұрпақ алдында өзінің жауапты екенін сезінетін Тұрар Сәттарқызы: «Балалар жылы» тек бір жылмен шектелмесін. Бала – біздің болашағымыз, ертеңіміз. Ертеңіміз мықты болсын десең, оның қамын бүгін ойлайық», - дейді....

 

БАЛАБАҚШАЛАРЫМЫЗДЫ «ОРЫС ӘЛЕМІ» МЕН «АМЕРИКАНДЫҚ АРМАН» БАСЫП АЛЫП, БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ МИЫН УЛАУДА...

 

«Бірер жыл бұрын Елордамыздағы Тілдер басқармасы жанындағы «Тілді қолдау» тобының мүшесі ретінде жартылай мемлекеттен қаржыландыратын жеке меншік балабақшаларына мониторинг жұмысына қатыстым. 47 балабақшада болдым, бұл балабақшалардағы балаларға арналған көрнекілік құралдар мен безендірілген суреттерді көріп, «шок» болған едім. Сыртқы жарнама суреттері де, жатын, асхана бөлмелері, қабырғалары тұтастай «орыс әлемі» мен «американдық арман» болып тұрғаны күйзелтті. Тіпті кейбір тәрбиешілер бұларыңыз не?,-деген сауалыма, «Бауырсақ (Колобок)» қазақ ертегісі ғой деген жауап та алған едім. Міне, Білім басқармасы осындай мәселеге назар аудару керек деп ойлаймын. Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек болмайды, бала ненің көріп, ненің өнеге көріп өседі, соның жемісін көреміз», - деп күйінді тарихшы.

 

Осы тұста қоғам қайраткері «Жаңа Қазақстанға» аяқ басқан екенбіз, ендігі кезекте мемлекеттік балабақшадан бөлек, мемлекеттен қаржыландыратын балабақшалардағы тәрбие қалай жүргізіліп жатыр? Балабақшаны табыс көзіне айналдырып отырғандар, бала тәрбиесін ойламай, өзге елдің ертегілерімен, безендіруімен ұрпағымыздың тәрбиесіне балта шауып жатқан жоқ па? Мұндай мекемелерде жалпы балаларымыз қандай құндылықтармен тәрбиеленіп жатыр? Осының барлығын тексеріп, бақылап, қадағалап отыратын орган осы сұрақтарға жауап бере отырып, сәйкесінше жұмыс атқаруы керек дейді.

 

ОРЫС ТІЛІ, ОРЫС МӘДЕНИЕТІ ҚАЛАЙ НАСИХАТТАЛСА, ҚАЗАҚ ТІЛІ ДЕ СОЛАЙ НАСИХАТТАЛУЫ КЕРЕК!

 

"Балабақшалар ұрпағымызды ұлттық рухани құндылықтармен тәрбиелеу керек. Ол үшін жалпы балабақшаның атауынан бастап, ондағы тәрбие, баланы тәрбиелейтін көрнекі құралдардың барлығы ұлттық сипатта, өзіміздің қазақ ертегі кейіпкерлері дәріптелуі керек. Бүлдіршін шағынан сапалы, тəлімді-тəрбиелі дүниені көріп өскен ұрпағымыздың таным-түсінігі мен талғамы да жоғары болары сөзсіз. Ресейде ел басшысының өзі қадағалап отыратын «Орыс әлемі» деген қор бар екен. Ол қор орыс тілін, орыс мәдениетін шетелде насихаттау және қолдау мақсатында жұмыс істейді. Мәдениеті мен тілі арқылы жүретін «жұмсақ саясаттың» арқасында орыс тілінің аясын кеңейтіп отыр. Біздің балалар кітапханаларына тегін тарататын, қызыл-жасылды, сапалы балаларға арналған кітаптары көздің жауын алып, қызықтырады", - деп пікір білдірді қоғам қайраткері.

 

Тұрар Сәттарқызының айтуынша, біздің мемлекет қазақ тілінің қолдану аясының кеңеюіне осылай жұмыс істеуі тиіс.

 

РЕСЕЙДІҢ «ОРЫС ӘЛЕМІ» СИЯҚТЫ БІЗ ДЕ «ҚАЗАҚ ӘЛЕМІН» ҚҰРАЙЫҚ!

«Мен Омбы қаласында магистратурада оқыған кезде қаладағы «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Торғын Әшеновамен таныстым. Күйеуі Қуаныш екеуі «Омбы қазақтары» деген газет шығарады екен. Қолдарынан келгенше жергілікті қазақ балаларына қазақ тілін оқытып жүр. Омбы өңірінде 100 мыңға жуық қазақ тұрады.  «Омбы қазақтары» – ең белсенді үкіметтік емес ұйымдардың бірі, бірақ қаражаттың қысқалығы қазақша газет шығаруға, қазақ тілді балалар әдебиетін сатып алуға қиындық туғызып отыр. Ресейдің «Орыс әлемі» сияқты, біз де «Қазақ әлемін» құрып, өзімізді ғана емес, өзге елдегі қандастарымыздың да ана тілін ұмытпауына атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Сол «Омбы қазақтары» газетінде «Қара шаңырақ» деген рубрикамның барын және үнемі мақалаларымның жарияланып тұратынын айта кеткім келеді», - дейді Тұрар Сәттарқызы.

 

Тарихшы-этнологтың айтуынша, біздің елімізде ұлттық өнім аз болғандықтан, телевидениені шетелдік дүние жаулап жатыр, ал ол біздің ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізуде...

 

МУЛЬТФИЛЬМДЕР ЖАСАСАҚ, ҰРПАҒЫМЫЗ ШРЕК, СПАНДЖ БОБТАРДЫ ЕМЕС, ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ АТЫН ЖАТҚА БІЛІП ӨСЕР ЕДІ!

 

«Отандық телеарналар өздерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосатынын түсінетін кез жетті. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қабанбай, Бөгенбай сынды батыр­ла­рымыз, Абылай хан, Тәуке хан сияқты хандарымыз, шешендеріміз мен билеріміз мультфильмге кейіпкер ету керек. Желаяқ, Таусоғар, Толағайлар бала еліктейтіндей мықты кейіпкері бар топтамалы мультфильмдер жасасақ, ұрпағымыз Шрек, Өрмекші адам, Маша мен Медведь, Спандж Бобтарды емес, қазақ батырларының атын жатқа біліп өсер еді! Балаларымыздың өзгеге еліктемей, өз тілімен сусындап, өз тəрбиесімен тəрбиеленуі үшін, бəлкім, мультипликаторлар, мәселен, «Ақылды Əдемі», «Тəрбиелі Талшын», «Тілалғыш Темірлан сынды мульттоптамалар шығарса, құба-құп емес пе?!», - деп өз ұсынысын ортаға тастады қоғам қайраткері.

 

Тұрар Сәттарқызының пікірінше, кейіпкер бүлдіршін ақылды (тəрбиелі) қыз, ұл жəне басқа да кейіпкерлер  арқылы өнегелі отбасында өскен, ақылды баланы, ұлттық құндылықтарға негізделген тəлім-тəрбиені көрсетіп, қазақылықты дəріптесек, екіншіден, балаларды ана тіліндегі туындымен сусындатып, ана тілімізді үйренуіне үлес қосар едік.

ЖАСТАРДЫ АДАЛДЫҚҚА, ӘДІЛДІККЕ, ПАРАСАТТЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙТІН АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕР ҚАЖЕТ!

 

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халқымыз. Балаларымыздың бойында туған тіл, мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін, сондай-ақ, баланың ой-өрісін дамытып, ұлттық рухтағы тәрбиесінің қалыптасуы үшін қазақ ертегілеріне негізделген, ізгілікті насихаттайтын, адалдыққа, әділдікке, парасаттылыққа тәрбиелейтін анимациялық фильмдер топтамасын шығару керек. Теледидар мен интернет мықты насихат құралын екенін ұмытпай, бұл жұмысты жылдам қолға алуымыз керек. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Ертегі оқу», Батырлар жыры, қиссалар, жұмбақ, мақал-мәтелдер сайыстарын ұйымдастыруымыз керек», - деп өз пікірін білдірді Тұрар Сәттарқызы.

 

Қоғам қайраткерінің мәлімдеуінше, қалаларымызда балаларымыз барып ойнайтын неше түрлі ойын-сауық орталықтары бар. Бірақ еліміздің ұлттық болмысын көрсететін, бірде-бір ұлттық ойын-сауық орталығы жоқ. Бар орталықтарда ұлтқа тән сипат жоқ. Ішінде балаларға қызмет көрсететін жерде барлығы өзге елдің кейіпкерлері. Ойын-сауық өтетін жердің безендірілуі де балаларымызды өзге ұлттың идеологиясына тәрбиелеп жатыр. Сосын келіп, балаларымыз неге өзге тілде сөйлеп, өзгенікіне құмар дейміз...

 

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫН АШУ КЕРЕК!

 

«Ұрпағымызды ұлттық құндылықтарымызбен сусындату үшін, балаларға арналған Ұлттық ойын-сауық орталығын ашу керек. Орталықтың безендірілуінен бастап, ішінде жүргізілетін асық, тоғыз құмалақ, арқан тарту сынды ұлттық ойындар, мақал-мәтел, жұмбақ, ертегілерден викториналар жүргізілетін, қазақ ауыз әдебиетіндегі, халық ертегілеріндегі кейіпкерлерді алсақ, бұл балалардың көңілін көтеретін ғана емес, ұлттық тәрбие беретін орталыққа да айналар еді. Ұлт руханияты осыдан басталуы керек. Мұндай істі ұлтқа жанашыр меценаттар қолға алса, ел болашағына қосқан үлесі болар еді», - дейді келешек ұрпақтың қамын ойлаған тарихшы...

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер