Әр минут сайын үш адам туберкулезден көз жұмады

2148
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 2022 жылдың 25-наурызында Алматы қаласындағы С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Республикалық конференцияны Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресу жөніндегі Жаһандық Қордың Қазақстан Республикасындағы туберкулез компоненті бойынша Грант жобасы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қазақстан фтизиатрларының қауымдастығы ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, халықаралық серіктестер – USAID, Қазақстан Республикасындағы ETICA жобасы, «AFEW Kazakhstan», «Камеда» қоғамдық қоры өкілдері, туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламаның консультанттары, туберкулез саласындағы үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулез әлемдегі ең қатерлі жұқпалы ауру болып қалғанын мәлімдеуде.
Туберкулез індетіне тосқауыл қою жағынан Қазақстанның туберкулезге қарсы ұлттық қызметі оң нәтижелерге қол жеткізе алды.

ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Қасенова: "Қазіргі уақытта Қазақстанда туберкулезді анықтау мен емдеудің заманауи жылдам әдістерін енгізудің арқасында туберкулезбен сырқаттану мен өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеп келеді. Мәселен, 2021 жылы туберкулезбен ауыру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 35,9 құрады. 2012 жылғы 100 мың адамға шаққанда 81,7 көрсеткішімен салыстырғанда туберкулезбен ауыру 2,3 есеге азайды. 2021 жылы туберкулезден болған өлім-жітім көрсеткіші 1,7 құрап, 2012 жылғы 100 мың адамға шаққанда 7,4 көрсеткішімен салыстырғанда 4,4 есеге азайды",-деп мәлімдеді.

Стоп ТБ халықаралық әріптестігінің өкілі Лучика Дитиу Қазақстанның туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасы таңданарлық жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Ал USAID-тың Орталық Азиядағы өңірлік миссиясының директоры Лоуренс Харди: Бүгінге дейін елдегі туберкулезбен ауыру көрсеткіші 250 пайызға,ал өлім көрсеткіші 700 пайызға төмендеді. ЮСАИД Қазақстанға алдағы уақытта да туберкулезбен, әсіресе дәріге төзімді туберкулезбен күресіне көмектесетін болады, - деді.

ҚР ҰФҒО директоры Мәлік Әденов туберкулездің эпидемологиялық ахуалымен таныстырып өтіп, COVID-19 індетінің тигізген салдарына қарамастан 2020-2021 жылдары туберкулезбен ауыру көрсеткішін төмендетуге қол жеткенін мәлімдеді. Сонымен бірге туберкулезден көз жұмғандар саны өскен жоқ.
Дегенмен әлі де өзекті мәселелер бар. Қазақстан әзірге дәріге төзімді туберкулез ауыртпалығынан арылмаған 30 елдің қатарында.

Елімізде туберкулез тегін емделеді. Ал оны анықтауда, диагностикасында генді-молекулярлы технологияларға негізделген ең соңғы озық әдістер қолданылады. Халық туберкулез туралы хабардар болған сайын, бұл ауру туралы жалған, жаңсақ пікірлер азайған сайын туберкулезді ерте анықтау, яғни оны сәтті емдеу де жеңілдей түседі.

Халықтың туберкулез туралы хабардарлығын арттыру мақсатында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған туберкулезге қарсы айлық өткізілді. Айлық аясында әлеуметтік желілер, телеарналар мен радио арқылы халыққа кең көлемде ақпарат тарату жұмыстары жүргізілді; журналистер, блогерлер, студенттер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында байқау өткізілді. Және бүгін байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер