Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақталар күні жақын

3188
Adyrna.kz Telegram

Қазақ елі азаттыққа қол жеткізгенше екі бірдей төңкеріс пен екі бірдей алапат аштықты бастан кешті. Талай жаумен тіресті, талай жаумен күресті. Алаш қаймақтарын қынадай қырған Сталиндік аяусыз қуғын-сүргіннің де құрығына ілікті. Қазақ зиялыларымен қоса қазақ руханияты репрессияға ұшырады. Сол тұста қазақ халқы сандық және сапалық тұрғыдан да зор шығын көрді. Тіпті бүгінгі күнге дейін еңсемізді тіктей алмайтындай дәрежеге түстік. Зұлмат жылдардың жазықсыз жазасын тартқандар қатары көп болып, халық шекара асуға мәжбүр болды. Біз осындай қиын кезеңдерді артқа тастап, ел болдық! Ел болып алпауыт қазақ өркениетін қалыптастырдық. Енді, міне, ақтаңдақ жылдардың ақиқатын ашар кез келді. Алаш ардақтыларын ақтайтын сәт туды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сұрапыл жылдарда қазағым деп қаза болған ұлылардың есімін ақтауға мүмкіндік алдық. Мемлекет Басшының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі 11 өңірлік комиссия құрылып, жұмысын бастағалы да екі жылдай уақыт өтті.
Мемкомиссия – жазықсыз жазаланғандарды, күштеп елден аластатылғандарды, діни, ұлттық және саяси құқығы бұзылғандарды ақтауға жұмыс істейді. Зерделеп, зерттейді. Репрессияға ұшырағандардың тізімін жасап, санаттарға бөледі.

Қысқасы, комиссияның құзыреттілігі жоғары. Тарқатып айтар болсам, біріншіден, комиссия мүшелері аса құпия саналатын архив қорларын қарап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мәлім болған ақпараттар рұқсатсыз еш жерде жарияланбайды.

Екіншіден, комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органның қызметін атқарады.

Үшіншіден, комиссия мүшелері Прокуратура органдарының, Ішкі істер министірлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, тіпті Президенттің архивтеріндегі жабық / құпия қорларды қарауға құқылы көрінеді.

Төртіншіден, комиссияның мәртебесі айтарлықтай жоғары. Бұрында мемкомиссияның тізгіні Қырымбек Көшербаевтың қолында болған болса, қазірде Ерлан Қариннің құзыретінде.

Бесіншіден, комиссия құрамы ауқымды. Олардың қатарына, түрлі қоғамдық ұйымдар мен меморган басшылары, ғалымдар т.б. кіреді.

Алтыншыдан, комиссия халықаралық деңгейде қызмет атқарады.

Жетіншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау қызметін үйлестіреді.

Сегізіншіден, елім деп опат болғандарды дәріптеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның қабылдануын қадағалайды.

Тоғызыншыдан, жұмыс топтарын құрады.

Оныншыдан, құпия қорларға қатысты шешімдерді де осы комиссия қарайтынға ұқсайды.

Бүгінгі таңда комиссияның жұмысын Білім және ғылым министрлігі үйлестіреді. Комиссия құрамы жылына кемінде бір рет жиналып, жұмыс нәтижелерін талқылайды. Көпшіліктің дауыс беруімен шешім қабылданады. Сондай-ақ комиссияның жұмысы үш жылға созылады екен. Демек келесі жылы аяқталып қалады деген сөз.
Мемкомиссияның алғашқы нәтижелерімен танысу мақсатында оның мүшелері және бірқатар сарапшылармен сұхбаттасып көрген болатынмын, соны назарларыңызға ұсынамын:

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі екенсіз. Комиссияның бүгінгі нәтижелері қандай және оған көңіліңіз толады ма?

Ерлан Сайыров, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Бүгінгі таңда комиссия өзінің жұмысын жалғастыруда. Аштық мәселесі, репрессия адамдардың тізімі анықталып, каталогқа енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Азаматтарды толық ақтауға ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі таңда ғалымдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа да мемлекеттік архивтерінде жұмыс істеп жатыр. Керісінше, мемлекеттің бүкіл ресурстарының барлығы осы Қазақстандағы архивтерді ашып, сол архивтердегі материалдарды толық жан-жақты зерттеуге бағытталған. Әрбір бағыт бойынша жеке-жеке ғылыми-танымдық және басқа да материалдар шығатын болады.

Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Комиссия қызметінің бірінші кезеңі 1920-1950 жылдар аралығын қамтиды. Алда қосымша зерттеулерді жалғастыру қажет. Сондықтан мемкомиссияның жұмысы 3 жылға созылады.

– Нақақтан нақақ құрбан болғандарды толықтай ақтауға не кедергі? Бұрмаланған шығармалар мен ойдан құрастырылған жалалар ма? Әлде басқа…

Дихан Қамзабекұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик:

– Бұл қылмыстар қуғын-сүргін кезінде басқаша бағаланды. Бүгінгі таңда аштықтың салдарынан жасалынған (амалсыздан) қылмыс ретінде қаралуда. Ал енді сұрақ, осы мәселелерді бүгінгі күннің қылмыстық заңдарымен қарастыру керек пе, әлде қоғамның ықтимал зардабы ретінде ме? Міне, осыларды қарастыруымыз қажет. Ақтауды қажет ететін дүниелер өте көп. Ол үшін 1930 жылдардан бергі шаң басқан архивтерді толықтай ақтаруымыз керек.

Ерлан Сайлаубай, Алаштанушы:

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттар толықтай жария емес. Олар әлі де болсын құпия сақталады. Бірақ бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Қазірге нақтыланған жария мәлімет шықпады. Бұның өзі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға кедергі болып табылады. Президент пәрменімен репрессия құрбандарын ақтауға тапсырма берілді. Бүгінгі таңда өңірлік 11 жұмыс тобы құрылып, өз жұмысын жалғастыруда. Тіпті, қазірдің өзіне біршама шығу тегі беймәлім деректердің ақиқаты ашылды.

Еркін Нұратдинұлы, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Жалпы комиссия былтырдан бастап жарты жылдай жұмыс істеді. Жылдың бел ортасынан басталды. Негізінде Республикалық комиссия одан да бұрын құрылды. 2020 жылдың аяғында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған нәрсе ғой. Үлкен игілікті іс болды. Биыл да Алла амандық берсе, қайта жанданып жатыр. Жарты жылдың ішінде республикалық маңызы бар қалаларда, әрбір облыс орталықтарында республикалық комиссиялар құрылды. Одан кейін әрбір облыс орталықтарында аймақтық комиссиялар құрылды. Мысалы, Алматы қаласының өзінде комиссияның құрамында 50 шақты адам бар. Жалпы саны 9 топ жұмыс істеп жатыр. Комиссияның жұмысына көңілім толады. Өйткені осы жарты жылдың ішінде шыны керек ұлкен шаралар атқарылды. Біздің комиссияның өзі үлкен жинақ дайындады. Ақталмағандардың есімдерін ұсынды. Біздегі бір ғана топтың өзі (құрамында 5 адам) 150-дей белгісіз адамдардың атын ұсынды. Бұл тек Алматы қаласы бойынша. Енді елестетіп көріңіз республика бойынша дайындалатын болса, үлкен құжаттар жинағы әзір деуімізге болады. Екінші мәселе, әрбір топтың өзінің тақырыптары бар. Топтар сол тақырыптар бойынша жұмыс жасауда. Жекелеген персоналдар бойынша емес. Мысалы, біздің топтың жұмысы Қазақстаннан басқа елге көшуге мәжбүр болғандардың тағдыры жайында болып отыр. Ал Алаштықтарға келер болсақ, оларға арнайы топ құрылды. Бүгінгі таңда оның құрамында белгілі алаштанушы, академик Мәмбет Қойгелдиев те бар. Сондықтан да бұл топ Алаш бағытындағы ізденістерді одан әрі тереңдетеді ғой деп ойлаймын. Алаштықтарды тергеуге, жалпы соларға қатысты құжаттардың барлығын зерделеп, зерттеп алсақ оны насихаттау мәселесі қиын емес. Оларды ақтау мәселесі, белгісіз есімдерді жарыққа шығару мәселесі шешілген соң оларды насихаттау мәселесі біртіндеп жолға қойылады деп есептеймін.

 Саяси қуғын-сүргін құрбандарын бүгінгі ұрпаққа дәріптеудің қандай тиімді тәсілін ұсынар едіңіз?

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Бүгінгі таңда комиссияның жұмысы бірқалыпты жүргізіліп жатыр. Комиссияның жұмысын ақпараттық деңгейге тарату аз деп ойлаймын. Тіпті, көңілімнен шықпайды. Мысалы, мен Маңғыстаудағы жиынға қатысып, сөз сөйледім. Онда 1930-1950 жылдар аралығындағы мәселелерді ғана қарадық. Айтқым келгені, желтоқсан оқиғасының құрбандарын да осы комиссияның қарауына ұсыну керек. Ол да осы мәселелердің қатарына кіреді. Желтоқсанда да көп адамдар жазаланды, қаза болды. Оларды кім жазалады, қандай айып тақты соларды да анықтау қажет. Қазірге комиссияның жұмысы мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатыр, ол қоғамдық деңгейде жүруі керек. Мен бір-екі ұсыныс беріп едім, соның бірі мынадай: облыстық газеттерге осы комиссия бойынша кімнің айтар пікірі бар, кімнің қай жерде қалай жазаланғаны туралы ақпарат беру керек секілді. Себебі 1930-1940 жылғы ақсақалдарымыздың көзі тірі. Себебі сол уақыттағылардың бәрін айтып кетуі керек қой. Осы тұрғыдан әлеуметтік желіні пайдалану, БАҚ-ты пайдалану жетімсіз болып отыр. Менің ойымша, қазір адамдар бар, деректер жоғалмаған желтоқсан оқиғасынан бастау керек. Өйткені, әлі де толық ақталмаған адамдар бар. Жалпы комиссияның құрылуын дұрыс шешім деп санаймын. Бірақ жұмысын одар әрі жандандырғанымыз жөн!

Бұл ретте, журналист Серік Әбікенұлы мынадай пікірде:

– Меніңше, 1993 жылғы 14 сәуірдегі заңға түзету енгізу керек. Оның 6-бабы кезіндегі отаршы Кеңес үкіметін қорғайды. Аштықтың салдарынан, қолына қару алған ақтаңдақтар неге банды болуы керек. Комиссия осыны ескерсе деймін.

Ерсайын Молдасанов, филология ғылымының кандидаты, доцент:

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның жұмысынан хабардармын. Қазірге, комиссия жұмысы баяу жүруде. Себептері белгілі. Біріншіден, өте орынды сұрақ деп ойлаймын. Нақтырақ, Алаш зиялыларының есімін дәріптеудің ең тиімді жолы. Олар туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді мектеп пен жоғарғы оқу орындарының әдебиет, тарих пәндерінің оқыту жоспарына енгізу керек. Әлі де болса зерттеулер аясын кеңейтіп, іс-шаралар көп өткізіле беруі керек деп ойлаймын. Арнайы Алаш тану немесе Тұлға тану пәні еңгізілсе. Әрине, толыққанды зерттеліп, зерделеніп болған соң. Олардың бізге жеткен еңбектерін кеңінен насихаттағанымыз жөн. Сонда ғана жас ұрпақ Алаш зиялыларының ұлт үшін күрескендігін танып, біле бастайды. Бүгінгі таңда Алаш зиялылары ұсынған ұлттық идея ақпараттық кеңістікте дұрыс көрініс таппай отыр. Себебі Алаш зиялылары сол тұстағы Ресей ықпалынан шығып, ел болуды көздеді. Олар сол үшін де күресті. Дәлірек айтқанда, жеке ел болу мүддесін қозғады. Қазіргі таңда бұл идея көпшілікке, әсіресе, елімізде тұрып жатқан орыстілді азаматтарға ұнамайды. Біз бұл идеяның, сондай-ақ оны жасаушылардың қоғамға ешқандай қауіптілігі жоқ екендігін дәлелдеп, көрсетуіміз қажет. Олардың халық алдында жағымды иммиджін қалыптастыруымыз керек. Жасықсыз жазаланғандарды ақтап, тұлғасын бүгінгі ұрпаққа дәріптегеніміз дұрыс. Олардың ұлтшыл емес, ұлтжанды болғандығын дәлелдегеніміз дұрыс қой деймін.

Наурис Қазантаев, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Қияш Құлатаевтың немересі:

– Сол күнді күңірене еске аламын. Жендеттер келіп оны алып кетті. Әжем мен айналасындағы әйелдердің барлығы жылағаны есімде. Атам соңғы деміне дейін кінәлі еместігін айтты.

Міне, осы оқиғадан кейін Қияш Құлатаев тар қапасқа қамалған. Жазықсыз жазаланып, зынданда азапталған. Дәл осы сценарий әрбір айыпталушының басынан өткен. Қысқасын айтқанда, жазалаушылар жерде қолдан тозақ орнатқан. Олар әйелдерді де деп аяп отырмаған. Бәрін жаппай қара жұмысқа жеккен. Балаларды 3 жасқа жеткеннен соң анасынан айырып, бөлек ұстаған. Тіпті, баласын содан кейін көрмеген деседі. Түрмелер маңынан құдықтар қазылып, айыпталушыларды солардың ішіне қамап азаптайтын болған. Бұл да жүрегі жоқ жазалаушылардың ойлап тапқан сұмдығы. Әрине, мұндай жазаның соңында өлім тұрды. Деректерге сүйенсек, 1940-1950 жылдар аралығында аталған жазалау орындарынан 40 мыңдай мәйіт табылған. Ғалымдардың мәлімдеуінше, еліміз бойынша жалпы саны 100 мыңдай адам репрессияның құрбаны болған. Бұл сандар комиссия зерттеуінен соң әлі де өсуі ықтимал.
Шынтуайтында келгенде ақтайтын дүниелер көп-ақ. Ол үшін қоғам болып құлық танытуымыз керек. Өйткені әлі күнге дейін қоғамда Сталиндік кезеңге байланысты көзқарас қалыптасып үлгерген жоқ. Бірі олай дейді, бірі былай дейді. Тәңірге тәубе, қазақ халқы небір нәубет кезеңдерді бастан өткерсе де қайтадан тамыр алып, елдік мұратқа жетіп отырған екен. Қазақтың кез келген әулетіне барсаңыз ата-бабаларының көрген қиындықтарын жіпке тізіп, баяндап бере алады. Себебі әр қазақтың отбасы бұл зұлмат жылдардың тауқыметін тартып, зиянын шеккен. Міне, сондықтан да елдің ертеңін, аумақ тұтастығын ойлаған ұлылардың ерлігін ұмытпауымыз тиіс. Олар мәңгі ұрпақ жадында сақталуы керек. Біз сонда ғана мәңгілік ел болып, сонда ғана кемел келешекке жол ашамыз. Жазықсыз жазаланғандардың лайықты, әділ бағасын бергенде ғана азаттығымыз бекем, бірлігіміз мығым болады.

Саяси қуғын-сүргін салдарынан құрбан болған мұңлықтардың рухы шат болғай!

Оралбай Мергенбайұлы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер