Жетісулықтар көктемнің алғашқы күнін "рақмет" сөзімен қарсы алды

3884
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Алматы облысының құрметті тұрғындары! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке еліміздегі татулық пен бірлікті, ізгілік пен қайырымдылықты, достық пен ақ ниетті, ыстық ықыласты дәріптеуімен ерекшеленеді. Осы мерейлі күнде ата-анамызға, жақындарымызға, ұстаздарға, дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, көршілерге, әріптестерге, ел игілігі үшін тер төгіп жүрген барлық мамандықтың қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтумен болайық!
Алғыс айту – отбасын ынтымаққа, көршіні достыққа, халықты бірлікке, елді татулыққа бастайтын мерейлі мереке.

1 наурыз – Алғыс айту күнінде барша жетісулықтарға зор денсаулық, баянды бақыт, ауызбіршілік тілеймін! Әрдайым қолдау танытып, қиын-қыстау сәтте жұдырықтай жұмыла білген облыс тұрғындарына шын жүрегімнен алғысымды білдіремін!» - делінген әкім құттықтауында.
Сондай-ақ, Алғыс айту күнін мерекелеу аясында Бастөбе тауының етегінде Қаратал ауданында "қазақ халқына мың алғыс" монументінің жанында салтанатты митинг өтті. Жыл сайынғы іс-шара қазақ халқына алғыс айту ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Ал мереке қарсаңында түрлі ұлт өкілдері Талдықорғанның қоғамдық көлігінде патриоттық әндер шырқады. Ерекше құттықтауды "Jetisy Media" және "Қоғамдық келісім" КММ бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекенің құндылығын жас анимациялық суретші Мерей Китапов өз шығармашылығы арқылы жеткізді. Қиын уақытта қазақ халқы көптеген этникалық топтар үшін пана болды. Қазақ даласы тыныштық пен бірліктің символына айналды.

Пікірлер