Абзал Әжіғалиев: «Жаттығатын база болмаса қайдағы медаль?»

4446
Adyrna.kz Telegram
Күні кеше ғана Бейжіңде аяқталған қысқы Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап шыққан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Қазақстандағы спорт саласының кемшін тұстары туралы өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялады. 
Олимпиадада төртінші орын алған қазақ спортшысы жарыс кезінде қолдау білдірген жанкүйерлерге алғысын айтып, Олимпиаданың ізі суымай, әсері қайтпай тұрғанда өзі айналысатын шорт-трек спортының негізінде қордаланған мәселерді тәптіштеп жазды.
«Мұз айдыны. Алау қазірде шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға шығамыз. Алауда барлығы идеально болғанымен ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Пекин Олимпиадасының алдында біз Алауда дайындалдық. Бірақ бізге мұз тек Олимпиада алдында емес, үнемі керек. Айтпақшы, мұз тек ұлттық құрамада емес, жастар мен жасөспірімдерде де қарастырылмаған. Біздің спорт бойынша, нақты біздің спортымыз үшін басты проблема осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз», – дейді Абзал.
Спортшы әр өңірде мұз сарайлары салынғанымен, олардың  ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайтынын айтады. Жарақат алып қалу қауіпі өте жоғары екен. Ал, Алматыдағы мұз сарайларында да бос уақыт жоқ.
«Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары аталғандармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде госзакуптың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған запчастарды сатып әпереді. Немесе біз “заңда рұқсат етілмеген” деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе», – деп жазады шорт-трекші.
Абзалға облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипедті алып береміз деп уәде берген көрінеді. Спортшы демеушілерді де іздеп көріпті. Бірақ олардан жауап жоқ екен. Абзалдың айтуынша қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады.
«Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Осы спортымызды Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің.
Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқандарын жазады. Бірақ біз көп жылдар бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек
мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?», – дейді Абзал Әжіғалиев.
Спортшы 2018 жылғы Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығында проблема болғанын жазады. Сол уақытта ұлттық құрамадан шеттетіліп, өз қаражатына емделген екен. «Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің», – дейді Абзал.
«Қазір Олимпиада бітті. Иа, білемін, ешкім нәтиесіне мәз емес. Біздің кішкентай командамыз үшін бұл өте үлкен және тарихи көрсеткіш еді. Келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек, біздегідей Олимпиадаға жарты жыл қалғанда емес. Бізде жазғы спортқа назар көп аударылған соң талап та жоғары. Соңында бәрі,жанкүйерлер де қысқы спорттан да келіп сондай нәтиже күтеді. Менің ең үлкен арманым – еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету, ауылдардағы, региондардағы балалардың барлығы бірдей спортпен айналыса алса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін білсе және оның қандай еңбек екенін білсе. Қазір бізде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалынуы керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді. Сөз соңында мен өз командама, жаттықтырушыларыма көп рахмет дегім келеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Осы уақытқа дейін талай қиындықты еңсеріп, мойымадық. Әрі қарай да биік белесті бағындыруға барымызды саламыз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аянбаймыз. Бізді үнемі қолдап, жанашыр болып отырған әрқайсысыңызға алғыс. Еліміздегі спортты өсіретін де, өшіретін де өзіміз. Сондықтан менің осы айтқандарым тиісті жерге жетеді деп ойлаймын», – деді Абзал.
Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында шорт-тректен 500 м қашықтық бойынша сынға түскен Абзал Әжіғалиев 4-орынды иеленіп, аралас эстафетада бесінші нәтиже көрсетті.
Пікірлер