Украина-Ресей: Қанды қырғын басталады...

16707
Adyrna.kz Telegram

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс шарықтау шегіне жетті. Ресей тарапы нақты қадамдарға көше бастады. 17-ақпан күні Ресей қолдауына ие Украина шығысындағы сепаратистер Украина аумағын толассыз артиллериялық соққының астына алды. Зымырандар балабақшалар мен мектептерге де тиген. Бұл агрессияны тұтас әлем көрді, себебі әлемнің жетекші медиалары оқиға орнынан хабар таратты, ақпарат берді. 

Ресей ақпарат көздері шындықты бұрмалап көрсетті. Олар Украина "Минск келісімдерін" бұзып, қару қолдануда деп атады. Осылайша өз аудиториясына арналған жалған ақпараттар легін еселеп арттырды. Кремль Украина шығысына басып кіру үшін себеп іздеуде. Донбасста жаппай геноцид болуда деген сөз таратып, артынша қорымдар табылғанын айтты. Алайда нақтылы деректерді көрсете алмады. Артынша Украина соққы жасап, келісімді бұзды деді. Ал 18-ақпан күні Украина операция бастайды деген желеумен сепаратистік аймақтар халықты Ресейге әкете бастады. Соңғы мәлімет бойынша 700 мыңға жуық адам Ресейге эвакуацияланбақ. Донбасстан 18-55 жас аралығындағы ер азаматтардың шығуына тыйым салынған.

Осылайша Ресей соғыс қимылдарын бастауға дайын. Украинаға НАТО елдері қарумен көмек көрсетуде, ал әлемдік деңгейде Ресей агрессияға көшсе агрессорды толық оқшаулау мен ауыр экономикалық санкциялар салынатыны айтылуда. Соған қарамастан Ресей Украинаны төрт бағытта қоршауға алды. Шығысында Ресей мен сепаратистер қолындағы Донбасс, батысында Ресейдің қолдауымен өмір сүріп келе жатқан сепаратистік Приднестровье, солтүстігінде Беларусь, ал оңтүстігі оккупациядағы Қырым мен Қара теңіздегі Ресей флоты.

Сарапшылар ұрыс қимылдары басталса, Ресей жылдам арада Украина қалаларын алатынын айтуда. Алайда соғыс қалаларды алғанмен бітпейтінін, ұзаққа созылған партизандық соғыс басталатыны да болжамды.

Асхат Қасенғали

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер