Қызылордада облыстық семинар өтті

1731
Adyrna.kz Telegram

Бүгін сағат 10.00-де А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде үйірме жетекшілерінің кәсіби дамуына ықпал ету, іс-қағаз жұмыстарын сауатты түрде жүйелеу, жаңашыл тәжірибелермен бөлісу мақсатында «Балалар жылы» аясында «Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және жандандыру жолдары» атты облыстық семинар өтті.

Аталмыш шараға қала және барлық аудандардан келген мәдениет қызметкерлері, үйірме жетекшілері қатысты. Өнерлі де талантты жастарға жол сілтеп, үміттерін үкілеп, қанаттарының қатаюына зор үлес қосып жүрген қалалық мәдениет үйіндегі түрлі үйірмелер жұмысы жайлы бейнероликпен басталған шараның алғы сөзі қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н. Әбілдаев беріліп, ол өз сөзінде 2022 жыл «Балалар жылы» екендігін тілге тиек етіп, балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мәдениет үйлеріндегі үйірмелердің жас өнерпаздардың өнерін шыңдап, талантты балаларды анықтап, үлкен сахнаға шығаруда орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, семинарда қалалық мәдениет үйінің бірқатар үйірме жетекшілері бай тәжірибелерімен бөлісіп, үйірменің жас өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Шараны «Қалалық мәдениет үйі,клубтар және халықтық ұжымдар» МКҚК директоры Э. Қанатбаева қорытындылады.

Арнайы ұйымдастырылып отырған бұл кездесудің басты мұраты - үйірме жұмысын жандандыру мақсатында үйірмелерге тегін қатысу арқылы жас жеткіншектерге үлкен мүмкіндіктер ашып, таланттарын шыңдап, ОБЛЫСТЫҚ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ байқауларға қатысуына үлкен мүмкіндік мектебін қалыптастыру.

Болашақта еліміздің өркендеуіне білімді жастар ғана биік асулардан аса алатынын ескерсек, балаларға жасаған қамқорлық елімізге еселеп қайтатыны анық. Ел тірегі, ертеңіміздің кепілі болған жас ұрпағымыздың дендері сау, аспаны ашық болсын!

Қала және қалаға қарасты елді-мекендердегі мәдениет ошақтарында түрлі жанрда тегін үйірмелер жұмыс жасайтындығын хабардар ете отырып, ата-аналарға балаларыңызды үйірмелерге қабылдау жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз! Жуырда әлеуметтік желі арқылы осы үйірмелер туралы толық ақпарат жарияланатын болады.

Пікірлер