Нұр-Сұлтанда есірткі сатумен айналысқан екі қыз ұсталды

2241
Adyrna.kz Telegram

Тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтанда Family Village саяжай қалашығындағы үйлердің бірінде синтетикалық есірткі өндіріп, сатумен айналысқан екі қызды ұстады, - деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жалдамалы үйді тінту кезінде 1 218 синтетикалық "экстази" препараты, екі келі "Альфа-PVP" синтетикалық есірткісі және 140 литрден астам прекурсор және үй жағдайында есірткі дайындауға арналған түрлі зертханалық жабдықтар табылып, тәркіленді.

"Ұсталғандар бір жылдан астам уақыт бойы синтетикалық есірткі дайындап, оны Telegram мессенджері арқылы сатумен айналысқан. Таяуда ғана 1,2 келі мефедронды қала сыртында екі жерде жасырғаны белгілі болды. Олар қосымша тергеу әрекеті барысында тәркіленді. Алынған синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы 3,84 келі", - делінген хабарламада.

Ұсталғандардың бірі Ресей Федерациясының тумасы. Қазіргі уақытта айыпталушылардың қылмыстық әрекеттерін құжаттау, сондай-ақ, басқа да қатысы бар адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
“Адырна” ұлттық порталы
Пікірлер