«Категория», «ұғымдық категория» терминдерінің философиялық және тілдік мәні

892

Болмыс, жаратылыс, қоршаған орта белгілі бір тәртіпке, заңдылыққа сай құрылады. Осы заңдылықтарды тану, жүйелеу – сана, түйсік қызметі жетілген адамзатқа тиесілі үдеріс. Адамзаттың болмыстың ішкі заңдылықтары мен сыртқы сипаты туралы жинақталған түсініктері ұғымға айналады. Ұғымдар тереңдей, мазмұндық бөлшектері толыға және өзара байланыса келе біртұтас категорияны құрайды. Ақиқат дүниедегі заттар мен құбылыстардың жалпы және жеке қасиеттерінің біріккен тобы категория терминімен түсіндіріледі.

Грек тілінде «категория» ұғымы екі түрлі мәнде қолданылады: біріншісі – шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың маңызды қасиеттері; екіншісі – жалпылама ортақ қасиеттер негізінде біріккен заттар мен құбылыстардың жиынтығы.

Категория – ақиқат пен әрекеттің маңызды қатынасын білдіретін жалпы әрі іргелі ұғым. ​
​Категория ұғымы өз бастауын философия ғылымынан алады. Алғашында категория философиядағы негізгі ұғымдарды білдіруімен қатар, ойлаудың әмбебап формалары ретінде қалыптасқан. Ежелгі антикалық дәуірден бастап ХІХ ғасырдың аяғына дейін категориялар тек онтологиямен байланыстырылған. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап эпистемология ұғымдары, яғни гносеологиялық аспектідегі ұғымдар да категория қатарына жатқан. Кейін нақты ғылым салаларына тән ұғымдар категория деп атала бастаған. Ежелгі грек философиясы бойынша категория негізгі элементтер саналатын жер, су, ауа, от, эфирдің негізінде пайда болған. Санада бейнеленуі, таным әрекетінің нәтижесінде категориялар логикалық сипат алып, жалпыланған дерексіз ұғымдар ретінде тұжырымдалады.

Алғаш рет грек ойшылы Аристотель «Органон» еңбегінде дүниедегі барлық ұғымдар бір топқа біріге алмайтынын түсініп, категорияларды философиядағы негізгі ұғымдардың бірі ретінде қарастырады. Ғылымдарды теоритикалық ғылымдар (білім іздеу, ақпарат алуға негізделген), практикалық ғылымдар (моральдық тұрғыда жетілу үшін алынатын білім), нәтижеге негізделген ғылым (өндіріске бағытталған білім) деген үлкен үш топқа бөліп, физикадан кейінгі ілім метафизикаға тоқталады. Метафизикаға ол төрт түрлі анықтама береді. Соның ішінде бастысы – «болмысты болмыс болғаны үшін тану». Аристотель болмыстың бүкіл мәндерін 4 түрлі позицияда көрсетеді. Негізгісі – болмыс категория ретінде немесе өзіндік болмыс. Осылайша болмыстың бастауы категорияларда екенін айтып, оның түпкі мәнін де сол болмыстың өзімен байланыстырады.

Аристотельдің логикаға қатысты 8 еңбегінің алғашқысы – «Категориялар» (ұғымдар). Ол өз еңбегінде он түрлі категорияны көрсетіп, объективті шындықтың көрінісі ретінде қараған: мән (субстанция), мөлшер, сапа, қатынас, мекен, әрекет, уақыт, азап, ие болу, қалып-күй. Аристотельдің көзқарасы бойынша категориялардың жіктелуі белгілі бір тәртіпке негізделді: Substantia немесе мән – барлық ұғымның бастауы. Quantitas, мөлшер заттардың кеңістік және сандық жағынан сипаттамасы. Мөлшер өзгермейінше, бір қалыптан екінші қалыпқа өту мүмкін емес. Qualitas немесе сапа – заттардың сандық емес, сапалық жағынан көрінісі, қасиеті. Мөлшер арқылы түрлілік пайда болады, осы негізден сапа категориясы туындайды. Realtio, қатынас – бір заттың екінші бір затқа байланысты болуы. Сапа мен мөлшерді салыстыруға мүмкіндік береді. Заттардың арасындағы тәуелділік пен байланысқа құрылады. Situs, яғни орын. Заттар міндетті түрде белгілі бір жерде орналасады немесе бір аумақты, мекенді алып жатады. Мекен адамның танымынан тыс орын алады. Quando, уақыт – оқиғалардың реттілігіне қатысты заңдылық. Әрекет пен орынның қатынасы уақыт категориясына әкеледі.

Санамаланып көрсетілген категориялардың өз негізі, түпкі мәні бар. Мысалы, санда – өлшем, мезгілде – уақытылығы. Аристотельдің болмыстағы ұғымдарды дәл осылай жіктеуі грамматикадағы сөз таптарының түрлеріне негіз болды. Ал стоиктер Аристотельдің жіктеуінен төрт категория қалдырған: субстрат (субстанция), сапа, өмір салты (күй), қатынас. Аристотель категорияларды танымның ең дамыған нәтижесі ретінде қарастырған. Танымның түпкі мәні – бір нәрсені ұғыну. Ұғым өзі бейнелейтін нәрсенің ішкі ерекшеліктерімен бүтін деңгейді ашып көрсете алады. Бұл идеяның алғаш бастаушыларының бірі – Сократ, ілгері дамытушы – Платон. Орта ғасырларда бұл идея тоқырауға ұшырағанымен, Орта Азияда әл-Фараби, ибн Сина тағылымдарында өз жалғасын тапқан. әл-Фараби «Катагурийас» кітабында субстанция жөнінде пайымдау, сан туралы пайымдау, сапа туралы пайымдау, қатынас туралы пайымдау, қашан категориясы туралы пайымдау, қайда категориясы туралы пайымдау, жай туралы пайымдау, иелену категориясы туралы пайымдау, әрекетке ұшырау категориясы туралы пайымдау деп категорияларға айрықша тоқталады.

Қайта өрлеу дәуірінде Лоренцо Валла, Л.Вивес, П.Рамус категориялар туралы қарастырып, Л. Валла зат, сапа, әрекет деген үш түріне тоқталады. Италияндық философ Джордано Бруно бұл тізімге қозғалыс, себеп категорияларын қосады. ​

Жаңа дәуірде категориялар туралы ілім классикалық үлгідегі неміс философиясында кең көлемде зерттелді. И.Кант ойлау әрекетін, оның түрлерін адамның маңызды әрекеті деп тұжырымдаған. Ұғымдар мен категорияларды, олардың формаларын бір деп қарап, айырмашылықтарына тоқталмаған. И.Канттың пайымдауындағы категория – ойлау арқылы сыртқы ортадан алған әсерді қабылдау немесе ойлау әрекетінің түпкі өнімі. Жаңа дәуір философы И.Канттың категорияларды жіктеуі төмендегідей: Мөлшер категориясы: бірлік, көптік, тұтастық. Сапа категориясы: шындық, терістеу, шектеу. Қатынас категориясы: өз бетімен және тәуелсіз өмір сүру, себеп және тәуелділік, қарым-қатынас. Модалдылық категориясы: мүмкін және мүмкін емес, болу және болмау, қажеттілік және кездейсоқтық. И.Кант та Аристотельдің ізбасары болғанымен, категорияларды жіктеуде модалдылық туралы алғашқылардың бірі болып тоқталады.
​А.Г.Спиркин адамның айналасындағы қоршаған орта туралы және өзі туралы білетін барлық ұғымдарын категория деп түсіндіреді. Сондай-ақ оның пікірінше, ұғымдық категориялар – ойлаудың және болмыстың формалары. Онтологиялық аспектіде категорияларға жалпылық тән, себебі ол адамның дүниеге қарым-қатынасын, көзқарасын түгелдей дерлік қамтиды.

Тіл білімі тұрғысынан қарастырсақ, М.Жолшаева төмендегідей анықтама береді: «...жалпы ерекшеліктері негізінде бірігетін тілдік элементтердің кез келген тобы категория деп түсіндіріледі». Сонымен қатар категориялар шартты түрде жалпытілдік және ұғымдық категория болып екіге бөлінеді. Ұғымдық категория семантикалық категория деген атауға да ие. Дәстүрлі грамматика мен жұмсалымды грамматиканың негізгі айырмашылығы: дәстүрлі грамматика әр тіл деңгейінің шеңберінде ғана жұмсалым мәселесін көтеріп, алдымен тұрпат межесі жағынан анықтап, кейін қандай мағына беретініне тоқталса, тіл білімінде ономасиологиялық бағыт деген атауға ие болған жұмсалымды грамматика тілдің әр деңгейінен қажетті тіл бірліктерін ала алады, мағынадан тұрпат межесіне қарай зерттеуді басты ұстаным етеді. Құрылымдық грамматика мен жұмсалымды грамматиканың басты айырмашылығының бірі – грамматикалық категория мен ұғымдық категорияны қарастыруында.

Ұғымдық категориялардың да, грамматикалық категориялардың да түп негізі ойлауда, логикада, ұғымда жатыр. Сондықтан ұғым дегеніміз не деген сұраққа жауап беру орынды. Ұғым – дүниедегі күллі заттар мен құбылыстардың, олардың белгілерінің адам санасында бейнеленуі. Ұғым – логиканың нысаны, сөз – тілдің нысаны, сонымен қатар ұғымның мәні сөз мағынасына қарағанда жалпылама. Ұғым – ақиқат дүниедегі кез келген заттар мен құбылыстардың негізгі әрі маңызды белгілерінің бейнесі. Ұғым сөз арқылы таңбаланады. Осыдан барып ұғымдық категория болмыстың бейнесін танытады, сонымен қатар барша адамзатқа ортақ болып келеді. Профессор Б.Сағындықұлы ұғым төмендегідей сатылардың нәтижесінде пайда болатынын айтады: түйсік – қабылдау – елестеу – ойлау.

Аристотельден басталған философия ғылымындағы категория, оның мәні мен жіктелуі туралы мәселелер лингвистикадағы категория ұғымының, түрлерінің пайда болуына түрткі болған. Ұғымдық категорияларды жан-жақты қарастыру әр ғылым саласына тән жалпы түсініктерден, болмыстан бастау алады. Платон затты белгілейтін құралды сөзден іздейді, яғни қызметіне жүгінеді. Демек антикалық дәуірдегі грек ойшылдарынан басталған тілді зерттеудің ономасиологиялық бағыты да тиісінше философиямен тығыз байланысты.

Қадыржанова Ж.,  Есениязова Ж.,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранттары;

Жанатаев Д.,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket