Мемлекеттер неге күйрейді?

2469
Adyrna.kz Telegram

Тақырыбы риторикалық жалғыз сұрақтан тұратын, бірақ жауабы сан-қырлы бұл түйткілді мәселені қаузауға «Why Nations Fail. The Origins of Power, Prosperity, and Poverty» («Мемлекеттер неге күйрейді. Билік, өсіп-өркендеу және кедейлік») атты 2012 жылы Нью-Йорктегі «CROWN BUSINESS» баспасынан жарық көрген әлемге әйгілі экономист-ғалымдар Дарон Аджемоглу (Daron Acemoglu) мен Джеймс А. Робинсон (James A. Robinson) есімді авторлардың туындысы түрткі болғанын жасырмаймын. Себебі, бұлай деуге негіз болатын тарихи әрі әділ шындыққа негізделген дәйектер мен дәлелдер аталмыш шығармада менмұндалап тұр.

Біріншіден, тілге тиек болып отырған бес жүз беттен асып жығылатын ауқымды туынды – экономикалық өсім теориясы бойынша 15 жыл бойы түбегейлі зерттеулер жүргізген терең дарын иелері Дарон Аджемоглу және Африка мен Латын Америка елдерінің экономикаларына тамырлы талдау жасаған Джеймс Робинсонның әлемнің 300-ге тарта сұңғыла ғалымдарының ғылымизерттеу жұмыстарын жан-жақты сараптаудың негізінде қол жеткізген синтезі.

Екіншіден, бұл ғажап ғылыми туындыда оның авторлары жүздеген елдердің, оның ішінде біздің заманымыздан бұрынғы бірінші ғасырдың 476 жылы тарих сахнасынан кеткен Рим империясынан бастап, бүгінгі замандағы планета бетінде орналасқан ондаған дамыған мемлекеттер мен кенжелеп қалған дамушы мемлекеттер қалыптастырған әлеуметтік, саяси және экономикалық институттардың үлгілерін салғастыра сараптай келе, олардың қарқынды дамығандары мен көш соңында шаң қауып келе жатқандарының арасындағы айырмашылық сол мемлекеттердің әлгінде ғана аталған әлеуметтік, саяси және экономикалық институттарының сапасына тікелей тәуелді екендігін ең соны институционалдық көзқарас тұрғысынан түйіндейді.

Үшіншіден, аталмыш туынды авторларының көздеген нысаналарының және бірі өз халықтарының әл-ауқатын жоғары деңгейге жеткізген АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Швейцария, Норвегия, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур сынды әлемнің оза дамыған елдеріндегі әлеуметтік, саяси және экономикалық институттардың ең шешуші рөл атқарғандығын соқырға таяқ ұстатқандай айшықтап беруінде жатыр.

Төртіншіден, кітап авторларының қол жеткізген ең сүбелі нәтижелерінің бірі жаһанданған бүгінгі заманда жер шарының көптеген аймақтарында, атап айтқанда, Африкада, Азияда және Латын Америка аймақтарында орын алып отырған кедейлік пен экономикалық мешеуліктің себеп салдарының түп тамыры сол кеңістіктерде өмір сүріп жатқан халықтардың этникалық құрамымен де, мәдени әдет-ғұрыптарымен де, салт-дәстүрлерімен де, діни ұстанымдарымен де, географиялық мекенжайларымен де, тіпті, климат ерекшеліктерімен де ешбір байланысы жоқ екендігін, керісінше, аталған экономикалық мешеулік пен тақыр кедейліктің нақты сыры әлгі мемлекеттердегі билік тізгінін ұстап отырған ат төбеліндей ғана бай-бақуатты топтардың мүдделерін халық мүддесінен жоғары қоятын жасанды саяси-экономикалық институттарда, яғни бүгінгі ғылым тілімен айтқанда «экстрактивтік жүйеде», яғни сол мемлекеттердің көшбасшыларының тек өз қамын ғана күйттейтін өзімшіл менталитетінде жатқандығын ешбір бүкпесіз әрі бұра тартуға болмайтын әділетті шындықпен айқындап бергендігінде жатыр.

Бесіншіден, аталмыш туындының ғұлама авторлары, кезінде өзіндік орны болған сан түрлі мемлекеттердің тұрақты дамуы мен олардың өсіп-өркендеуіне үнемі қолбайлау болып, алға бастырмаған ең басты себептің әділетсіздік пен жемқорлық болғанын, сондай-ақ жегіқұрттай жайлаған әлгі дерттің сол мемлекеттердің тарих сахнасынан мүлде жойылып кетуіне де тікелей себеп болғанын алға тартады.

Алтыншыдан, аталмыш ғалымдардың сөз болып отырған туындысы 2012 жылы жарық көрген бойда, «Financial Times and Goldman Sachs Business Book of the Year Award» атты жыл сайын бизнес әлемінің ең үздік туындыларына тағайын¬далатын мәртебелі жүлдені жеңіп алған-ды.

Жетіншіден, әлгі ғылыми туындыны «Financial Times»; «New York Times»; «Wall Street Journal», «Washington Post», «The Economist», «BusinessWeek», «Bloomberg», «The Christian Science Monitor» секілді әлемнің ең ықпалды ақпарат құралдарымен қатар, экономика саласы бойынша 1972-2012 жылдар аралығында Нобель сыйлығына ие болған George Akerlof, Robert Solow, Michael Spence, Gary S. Becker, Kenneth Arrow сынды ғұлама ғалымдар жоғары бағалап, экономикалық мешеулік пен кедейшіліктің құрсауынан мемлекеттер екі шартты іске асыра алса ғана құтылуы мүмкін екеніне көзді де, көңілді де нанымды жеткізеді. Ол ғалымдардың пайымдауынша, біріншіден, әлгі мемлекеттердің заман талабына сай келетін саяси-экономикалық институттарының болуы шарт және екіншіден, ол мемлекеттердің жекеменшік бизнес субъектілеріне және бәсекелестікке үлкен басымдық бергені лазым. Ал одан да маңыздысы, әлгі мемлекеттердің әділетке негізделген саяси-экономикалық институттарымен қатар ел билігіндегі биік саяси лауазымдарға бәсекелестік сайыста әділетті қол жеткізуге мүмкіндік беретін электораты болуы шарт және әділ сайлауда жеңіске жеткен жаңа көшбасшыларға құрметпен қарай алатын ашық әрі плюралистік саяси билік жүйесі болуы міндет.

Сегізіншіден, мызғымайтын ғылыми іргетасқа негізделген сараптамалық туындының авторлары оқырман қауымның алдына «Кейбір мемлекеттер неліктен бай-бақуатты, ал олардың енді біреулері неге сіңірі шыққан кедей?»; «Мемлекеттерді ауру-індет, денсаулық, байлық, кедейлік, ашаршылық және тоқшылық сияқты ұғымдар неге қақ бөледі?» секілді көкейкесті сауалдармен қатар олардың нақты жауаптарын да ешбір бүкпесіз жайып салады. Бұл тұрғыдан келгенде, авторлар планета бетіндегі оза дамыған елдер мен дамушы елдердің саяси-экономикалық жүйелерін салыстыра отырып, олардың арасындағы жер мен көктей айырмашылықтардың түп-тамырының тек сол елдерде қалыптасқан әлеуметтік және саяси-экономикалық институттардың мақсат-мүдделерінің, көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұрған алшақтығында жатқандығына анық көз жеткізеді.

Жоғарыда келтірілген пайымдардан байқалып отырғандай, Дарон Аджемоглу мен Джеймс А. Робинсонның туындысының, әсіресе біздің мемлекетіміздің саяси билігі үшін де нағыз ұйқыашар қоңырау екендігінде ешбір күмән жоқ. Сосын, бұл заманауи туындыны біздің зиялы қауым мен мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ еліміздің саяси билік тізгінін ұстап отырған тұлғаларға да таптырмас үлгі-өнеге және ең бастысы, егемен еліміздің алдағы даму үдерісінің іргелі бағыттары мен саяси-экономикалық институттарымыздың әділетті әрі инновациялық үлгіде қайта қалыптасуына айқын жол сілтейтін бағдаршам идеялар мен терең ой тұнбаларының қоймасы десе де әбден лайық.

Сосын, туынды авторлары әлем тарихының күйрендісінде қалған алып империялар мен жүздеген өзге мемлекеттердің басым көпшілігінің түбіне жеткен жегіқұрттың негізгі сипаттарын айқындап қана қоймайды, олар сонымен қатар әлгі сипаттардың бүгінгі таңдағы алпауыт мемлекеттерге ғана емес, күллі авторитарлық мемлекеттерге де тән екенін жасырмайды. Мәселен, авторлар атап өткен кейбір сипаттарың кейінгі 30 жыл ішінде Президентіміз атап өткендей, біздің елде де орын алғанын байқамау мүмкін емес.

Мәселен, мемлекеттің күллі байлығы мен ресурстарының ат төбеліндей ғана бай-бақуатты топтың иелігіне өтіп кетуі, билік тізгінінің ұзақ уақыт бойы әлгіндей олигархиялық топтың ғана уысында қалып қоюы, жалпыға бірдей әділетті сайлау жүйесінің қалыптастырылмауы, сосын, саяси-экономикалық институттардың үнемі тек қана билік элитасының мүдделеріне сай жасақталуы, соның салдарынан саяси билік жүйесінің жалпы халыққа бірдей бастапқы әділетті мүмкіндіктер туғызуға құлықсыз болуы, ең бастысы халықтың жекеменшік мүлкіне қол сұғуға жол бермейтін қатаң заңдар мен саяси-экономикалық инклюзивті институттарды құруға мүлде мүдделі болмағанын бүгінгі таңда қоғам ашық талқылауда.

Бұл орайда, кітап авторлары жоғарыдағы өз пайымдарының бұлтартпайтын шындық екенін дәлелдей түсу үшін әлемнің әр тарапында орын алған нақты тарихи әрі саяси-экономикалық мысалдарға жүгінеді. Мәселен, XIX ғасырдың соңында Ресей дворяндарының мүлде кедейленіп кетуіне сол замандағы экстрактивті мемлекеттік жүйенің кесірі тисе, Оңтүстік Кореяда, керісінше, инклюзивті экономикалық институттар құруға сол мемлекеттегі саяси биліктің өзі тікелей бастама көтеріп, тікелей қолдауымен қалыптасқанын және сол батыл қадамдардың арқасында бүгінгі таңда әлгі мемлекеттің күллі саяси-экономикалық институттарының тез арада қуатты инклюзивті күшке айналғандығына ерекше назар аударады.

Дәл осы тұста 2019 жылғы наурыз айының 19-ы күнгі сағат 19-дан бастап, біздің егемен елімізде де сол кездегі саяси билік тарапынан ел-жұрттың көптен күткен оңды қадамның жасалғанын атап өту лазым. Өйткені дәл сол күні еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен өкілеттігін тоқтатып, көшбасшылық тізгінді конституциялық заңға сәйкес, сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырған еді. Сәйкесінше, мемлекеттің саяси билік тізгінін қолына алған бойда, жаңа көшбасшы кезектен тыс президенттік сайлау өткізіп, сайлаушылардың басым көпшілігінің мандатына ресми түрде ие болып, елімізде бүгінгі заман талабына сай келетін инклюзивті институттардың алғышарттарын қалыптастыруға бірден кірісіп кеткен-ді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат жұмысының өзегі мен арқауына айналған әділет, сабақтастық және даму сынды үштағанды әрі инклюзивті іргетасқа негізделген, әрі еліміздің болашақ дамуының ең көкейкесті 10 бағытын қамтитын стратегиялық тұғырнамасы халыққа жария етіліп қана қоймай, Президенттің тікелей өз бақылауымен әрі кезең-кезеңмен іске асырыла бастады. Сосын, Президент тұғырнамасының ең құнды нысаналары Қазақстан Республикасының Конституциясының бастапқы үш бабында, тайға таңба басқандай көрініс тапқан мына басты құндылықтарға негізделгенін атап өту парыз:
- Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары;
- Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық;
- Бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму;
- Қазақстандық патриотизм;
- Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу;
- Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет;
- Мемлекеттің бірден-бір бастауы – халық.
Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде, аталған әмбебап құндылықтардың барлығы да жоғарыда Дарон Аджемоглу мен Джеймс А.Робинсон ұсынған инклюзивті институттарға қойылатын негізгі талаптар мен ұсыныстарға сай келетіні көңілге үлкен сенім ұялатады. Сонымен қатар, Президент Тоқаевтың күллі ел кеңістігінде түбегейлі іске асырылуға тиісті прагматизмге негізделген әрі мемлекетіміздің болашақ іргетасын нығайтатын іргелі бағдарламалық жол картасының ішкі мазмұнын айшықтайтын келесі ұстанымдары да тілге тиек болып отырған инклюзивті саяси-экономикалық және әлеуметтік институттардың үдесінен шығады. Сосын, біздер Президент Тоқаевтың әлгі прогрессивті ұстанымдары туралы бұдан бұрын да жазғанбыз. Алайда «айтпаса сөздің атасы өледі» немесе «айтылмаса сөз жетім» демекші, күллі халықтың мүддесінен шыққан әлгі нысаналарды тағы да оқырман қауымның назарына ұсыну артық болмас. Олар мыналар:
-тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы халықтың табысын арттыру;
- сыбайлас жемқорлықты жою;
- сот және құқық қорғау жүйесін реформалау;
- мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор жобаларға бөліп, жаңа жұмыс орындарын көбейту, халықты жалақымен қамту, ұлттық табысты әділ бөлу;
- тұрғын үй мәселесін шешіп, түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуын қамтамасыз ету;
- әділетті әлеуметтік саясат негізінде адами капиталды дамыту, яғни жаппай білім беруді қолдау және халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдау;
- өңірлер мен аймақтарды жедел дамытудың жаңа бағдарламаларын жасақтау;
- еліміздің рухани жаңғыру құндылықтарын жалғастыра отырып, тарихқа құрметпен қарау;
- Отанға адал болу, халықтың ғылым-білімге деген ұмтылысын күшейту;
- сыртқы саясатта қалыптасқан конструктивті, теңгерімді және көпвекторлы қарым-қатынастарды жалғастыра отырып, әлемдік кеңістіктегі ұлттық мүдделерімізді сақтап қалу;
- ел дамуында шешуші рөл атқаратын жасампаз жастарымыздың барлық бастамаларына қолдау көрсете отырып, олардың арман-тілектерінің орындалуына және прогрестің қозғаушы күшіне айналуына барлық мүмкіндіктерді жасау және талантты да іскер жастарды мемлекеттің барлық буындарындағы жетекшілік қызметтерге тарту.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда аталған бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуы үшін, ең алдымен қауқарлы әрі толық өкілетті Президент, ықпалды да іскер Парламент және мемлекетіміздің ең басты құндылығы болып табылатын халқымыздың алдында есеп беруді міндет деп санайтын Үкіметті мемлекеттік биліктің мызғымас формуласына айналдыру керектігін де, сондай-ақ мемлекеттік қызметке тек қана меритократ тұлғаларды, яғни, мемлекеттік мүдделерді өз мүдделерінен жоғары қоятын пиғыл-ниеті таза азаматтарды тарту керектігін де күн тәртібіне қойып отыр. Өз бағдарламасында Президент Тоқаев байтақ мемлекетіміздің ең шешуші кезеңінде экономикамыздың тұрақты дамуына қатысты өзге де стратегиялық мәні зор мәселелерді мүлтіксіз шешу үшін еліміздің Конституциясында көрсетілген демократиялық тетіктердің бірі ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды және ол кеңес бүгінгі таңда өзіне қойылған талап-міндеттердің үдесінен шығатын қызметі мен іс-қимылын бастап та кетті.

Демек, бұл кеңесті де Президенттің елімізде инклюзивті саяси-экономикалық институт қалыптастыруға бағыттаған ірі қадамдарының бірі деп қабылдаған жөн. Сосын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған үндеулерінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өзінің тікелей міндеті деп санайтындығын, сол сияқты қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары деп түйіндеп, ол органдардың алдына биік талап қоюы, сол сияқты өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауының еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуін Парламентке міндеттеуі немесе Президент Әкімшілігіне азаматтардан келіп түсетін өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлімнің құрылуына пәрмен беруі, сондай-ақ митингтер туралы заңнаманы жетілдіруге байланысты Парламентке талап қоюы немесе Конституцияға сәйкес, азаматтарымыздың өз ойын еркін білдіруге құқығы бар екендігіне екпін беруі сияқты бастамаларының бәрі де елімізде жаңа тұрпаттағы инклюзивті саяси-экономикалық институттардың қалыптасуына бағытталған алғышарттар деп қабылдау лазым.

Ендеше, еліміздің тұғырын тіктеу үшін ең бірінші кезекте жоғарыда аталған инклюзивті институттарды жедел қалыптастыру кезек күттірмейтін мәселе екені көзге ұрып тұр. Өйткені дамыған мемлекеттердің экономикаларының тұрақты өркендеу сырына неғұрлым терең үңілген сайын, өз елімізді артқа тартып келе жатқан жұмбақ сырдың астары да солғұрлым ашыла бастағаны көрініп тұр. Ендеше, жақсыдан үйрене, жаманнан жирене жүріп, сын-қатерлерге толы заманда арам пиғылды ішкі-сыртқы жаулардың жемтігіне айналып кетпес үшін, «жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі жейді», «жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деген даналықтарды бір сәт те естен шығармай, саяси билік бұтақтарын Президент институтына шоғырландырып, бүгінгі таңда жаңаша қалыптасып, жаңаша бүршік атып келе жатқан жаңа тұрпаттағы әділетті билік жүйесіне басымдық беріп, әрбір азаматымыз бен халқымыздың мүдделерін бірінші орынға қоятын инклюзивті саяси-экономикалық институттарға жаппай қолдау көрсетейік, қадірлі ағайын. Тек солай еткенде ғана ел экономикасының күре тамырына таза қан жүгіретін болады және ең бастысы жаңа биліктің жалына жармасып, құйысқанына қыстырылып келген ескі жүйенің атрибуттары келмеске кетеді. Сосын, дамудың биік белестеріне көтерілуге жаңа жол ашатын иманды да әділетті азаматтар легі қалыптасатын болады.

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі

Пікірлер