9 қабырғам мен төсім сынды: Тергеудегі тепкіден аман қалған азамат бар шындықты айтты

2937
Adyrna.kz Telegram

Қаңтардың 14-і күні Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылынан Талдықорғанның орталық базарына барған Жақсылық Советбеков полиция қолына түсіп, бір күн азап көріп, төсі мен тоғыз қабырғасы сынып қайтқанын айтады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Азаттық рухы сайтына сілтеме жасап.

Мектепте 13 жыл сабақ беріп, кейінгі жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан Жақсылық Советбеков жөн-жосықсыз соққыға жығылдым деп есептейді.

Ол қаңтардың басында Талдықорғандағы "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен абақтыға қамалған, әлеуметтік желіде азапталған суреттері жарияланған Азамат Батырбаевпен ауруханада бірге жатқанын айтады.

Батырбаевтың денесіндегі жарақаттарды көрдім деген ол полиция бөлімінде көп азамат азапталып жатқанын баяндап берді.

Қаңтардағы дүрбелеңнен кейінгі азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар назар аударып, Қазақстан билігін асыра сілтеуді доғарып, азаптау туралы шағымдарды зерттеуге, заңсыз әрекеттерге барған құқық қорғау орган өкілдерін жауапқа тартуға шақырған еді.

Азаттық тілшісі Жақсылық Советбековпен сөйлесіп, мән-жайды сұрастырды.

Азаттық: Сізді полиция қай күні, қандай жағдайда алып кетті?

Жақсылық Советбеков: Қаңтардың 14-інде сағат 10 шамасында әйелім екеуміз азық-түлік алу үшін Талдықорғанның орталық базарына барғанбыз. Сағат он бірлерде біреу "қылмыстық іздестіру бөлімінен хабарласып тұрмын. Сіздің мәшинеңіз қаңтардың бесінде Талдықорғанда камераға түсіпті. Ішкі істер департаментіне келіп, бірер қағазға қол қойып кетсеңіз" деді. 15 миунтта жетіп бардым. Бірақ ішке кіргізбеді. Жаныма ақ "Спринтер" көлігі тоқтады да атымды атап шақырды. Жақындай бергенімде ішінен қара маскалы полицейлер түсті де, жұлып әкетті. Қолыма дереу кісен салып, басыма қап кигізді де, тепкінің астына алды.

Азаттық: Ештеңе сұрамады ма?

Жақсылық Советбеков: Ә дегенде ештеңе сұраған жоқ. "Не болды, менің не жазығым бар?!" деп айғайлап жатырмын. Балағаттап, "4 ПМ қайда, неге митингіге адам тасисың? Артыңа дубинка тығамыз!" деп әбден қорлап, балағаттады. Автобустың еденіне жатқызып қойып, 5-6 полицей әбден тепкіледі. Шынымды айтсам, не үшін тепкілеп жатқанын түсінбедім. Тек басымды ұстап қорғана бердім.

Азаттық: Талдықорғанда қаңтарды 5-і күні болған дүрбелеңге қатыстыңыз ба?

Жақсылық Советбеков: Мүлде қатысқан жоқпын. Қаңтардың үші күні ұлым қаладағы туыстарымыздың үйіне қыдырып кетті. Ертеңіне қалада шу басталғанын естіп, уайымдадық та, баламды алып кетейін деп Талдықорғанға келдім. Жанармай бекеті карточкамен ақша төлеуді тоқтатып тастапты. Сосын қаланың ішіне, Тәуелсіздік көшесіне бардым. Ол жерде біздің ауылдың адамдары такси болып тұрады. Бір таныс адамнан төрт мың теңге ақша алдым. Сөйтіп тұрғанда тарс-тұрс дауыс шығып, төңірек азан-қазан айғай-шу басталып кетті. Дереу мәшинеме міндім де, "Жастар" спорт мектебінің жанынан ұлымды алып, кетіп қалдым. Талдықорғанға барарда да, қайтарда да басқа ешкімді мінгізген жоқпын.

Азаттық: Полиция сізден сұраған "4 ПМ" деген не?

Жақсылық Советбеков: Оны мен де түсінбедім. Департаментке кірген соң да "4 ПМ" деген не деп қайта-қайта сұрай бердім. "Мынау өтірік топас боп тұр" деп одан әрі тепкіледі. Сөйтсем ол "пистолет Макарова" деген екен. Оны қайдан білейін? Әскерде болғам, бірақ тапаншаны "ПМ" деп атайтынын білмейді екенмін. Мектепте мұғалім болғанмын, қылмыс жасайтын адам емеспін деп едім, "мұғалім бола тұра митингіге адам тасып жүрсің" деп тағы ұрды. "Біздің жігіттерді өлтірдіңдер, сендерді де аямаймыз" деп тепкіледі.

Департаментке кіргізген соң бірінші қабатта саусақ таңбамды алды. Сосын басыма қапты кигізді де, "мясорубкаға апарыңдар" деді. Төртінші қабатқа алып шығып, оң жақтағы бірінші есікке кіргізді, "мясорубкасы" сол екен. Сол жерде төрт-бес адам тағы тепкілеп, талдырып тастады.

Азаттық: Төртінші қабатқа апарған соң тергеді ме?

Жақсылық Советбеков: Ешкім тергеген жоқ. "ПМ-ді қайда тықтың?", "Митингіге адам тасыдың, арандатушысың" деп тепкілей берді. "Ұлыма келгеніме сенбесеңдер көшедегі камерадан қараңдар, алтыншы ықшам ауданға дейін барғаным басқа камерада тұрған шығар" дегенімді ешкім тыңдаған жоқ. Есімнен тандыра ұрып, дәлізге сүйреп шығарып тастады. Дәлізде оянғанда мен сияқты 30-40 жігіт ыңырсып жатқанын байқадым.

Азаттық: Басыңызда қап болса оны қалай көрдіңіз?

Жақсылық Советбеков: Қолымды босата алмасам да жан дәрмен қаптан сығалап қарадым, қап түсіп те қалды кейін. Біраз жатқан соң екінші "заходқа" әкетті.

Азаттық: "Заход" деген не?

Жақсылық Советбеков: "Заход" деп дәлізден кабинетке кіргізіп ұрғанын айтады екен. Екінші "заходқа" кірген кезде "Қызылағаш ауылындағы агрохолдингтің 120 миллион теңге тұратын тракторын кім өртеді, соны айт" деп тағы тепкіледі. Трактордың маған не қатысы бар екенін де түсінген жоқпын. Белуардан жалаңаштап шешіндіріп, су шашты. Электрошокермен тісімнен ұрды, тісім қарайып кетті. Электрошокермен ұрған екі иығым тесіліп қалды. Суретте көрініп тұр.

Дәлізде жанымда жатқан кей жігіттердің тырнақтарын қысқашпен жұлып алған. Кім ұрғанын көрмесін деп олардың да басына қап кигізген. Көбі біздің Ақсу ауданының адамдары, Қапал, Ақсу, Қызылағаш сияқты ауылдан келген жастар. Тергеп жатқанда аты-жөні, ауыл аты естіледі, содан-ақ байқадым. Кей полиция дүрбелең күндері фотоға, видео түспеген жастарды "100 мың теңге берсең айыппұлмен шығарамыз" деп бопсалап жатқанын да естідік. Мақұлық емеспіз ғой, басымызға қап кигізсе де естіп жатырмыз. Түрін көруге тырыстым. Өзімді ұрған полицейді соңғы жағына қарай анық көрдім. Аяғымнан сүйреп дәлізге шығарып, ұрып жатқанда басымдағы қап түсіп қалды. Көргенімді ұмытпаймын. Біреуге жала жабатын адам емеспін, обал болады. Есімде бір жиғанымда мені ұрған полицей жанымда тұр екен. "Қылмысты аша алмай отырмын, бір эпизодты мойныңа ала сал, өзім жауып беремін" деп алдаусыратқан кезі де болды.

Үшінші "заходқа" кіргенімде, "жігіттер, қабырғамның бәрі сынды, дәрігерге жеткізбесеңдер өліп қаламын, біттім" дедім. Ауа жетпей, дем ала алмай жатыр едім. Өлетінімді олар да білді. Сол үшінші "заходта" бір полицей "жазығы жоқ адамды неге сонша тепкілейсіңдер" деп ара түскісі келді. Сонда мені ұрып жатқан полицей: "Өлсе өле берсін, алдындағыдай шығарып тастаймыз" деді балағаттап. Сол сөз көкейімнен кетпейді. Әлгіндей таяқтан адам өліп кетсе таңғалмаймын. Бірақ ол кезде менде қорқыныш сезімі қалмаған еді, ішім қанға толып, қайта-қайта талып жатқан кезім. Тепкілемей тұрғанда айтса, қорқар едім.

Үш "заход" есімде қалыпты. Жанымда жатқан Қызылағаштың жастары "төрт заход" болды деді. Талып қалсаң аяғыңнан сүйреп шығарып тасайды. Сөйтіп, кіргізіп, шығарып жүргенде таныс полицей кіріп келді. Аты-жөні мен қызметін де білемін, бірақ қазір тергеу жүріп жатқанына байланысты айтпай-ақ қояйын. Қазір қылмыстық іс қозғалып жатыр.

Азаттық: Ол танығаныңызды білді ме?

Жақсылық Советбеков: Білді. "Не боп қалды, Жақсылық?" деп ештеңені білмеген адам сияқтанды. "Жазықсыз сабап тастады, өлсем бала-шағамды кім асырайды, көмектес" дедім. Сосын ол "мына түрімен өз бетімен кете алмай құлап қалады, туысқанын шақырыңдар" деді. Сол кезде мені ұрған полицейлердің бірі телефонымды қалтасынан алып шығып, бажама звондап шақырды. Қаншада шыққанымды білемін, сол жерде құлаппын. Ертеңіне түстен кейін аурухана реанимациясында ояндым.

Азаттық: Тергеуде қанша уақыт болдыңыз?

Жақсылық Советбеков: Тергеуге 14 қаңтарда сағат 11-дің кезінде әкеткенін анық білемін. Кешкі жеті жарым, сегіз шамасында шығарған. Сол күні ауруханаға түсіп, 25 қаңтарда шықтым. Сол жақта – жеті, оң жақта екі қабырғам, төсім сынған. Сынған қабырғам өкпеме кірген, өкпеме қан толған. Көгерген жер көп. Кісен ізі біразға дейін жүрді. Электрошокер екі иығымды күйдіріп, тесіп тастаған. Желкемнен дубинкамен ұрып, қарайтып жіберіпті. Ауруханада он бір күн жаттым. Қаңтардың 21-і Алматы облыстық прокуратурасының қызметкері келіп, түсінік алды. Адамдарды ауруханадан әкетіп жатыр дегенді естіп әйелім бас прокуратураға звондапты. Мені де ұрлап кетпесін деп сескенген ғой. Таяуда прокуратура тағы хабарласып, сұрақ қойды. Медициналық қағаздарымды сараптамаға жіберді. Қылмыстық іс қозғалады, ұрған адамдармен беттестіреміз деді.

Азаттық: Әлеуметтік желіде Азамат Батырбаев деген жігітті полиция ұрып-соғып, денесіне ыстық үтік басқаны жайлы ақпарат тарады. Сіз Азаматты көрген екенсіз.

Жақсылық Советбеков: Азамат Батырбаев ауруханаға менен бір күн бұрын түсіпті, сол жерде таныстық. Арқасын үтікпен күйдірген ізін көрдім, сондықтан әлеуметтік желіде жүрген жантүршігерлік суреттер рас деп айта аламын. Ол суреттерде жарақатының қайта бастаған кезі. Табанына дейін көгеріп, тіпті жап- жасыл болып кеткен еді. Ол менен бір күн бұрын ауруханадан шықты. Менен "ПМ қайда?" деп сұраса, одан "Автоматты қайда тықтың?" деп сұрапты.

Азаттық тілшісі Жақсылық Советбековтің әңгімесінен кейін Талдықорған қаласында "туыстарымыз азапталып жатыр" деген бір топ азаматпен сөйлесті. Жақындарымыз полицейлердің қолынан жапа шегіп жатыр деген олар араша сұрады, олардың айтуынша, жарақаттарды суретке түсіруге полиция рұқсат бермеген.

3 ақпанда Азаттық Талдықорғанда қаңтар көтерілісіне байланысты қамалған азаматтардың туыстары жиналған жерден тікелей эфирде хабар таратты. Онда жиналғандар биліктен, соның ішінде президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан азаптауды доғарып, қамаудағыларды босатуды талап етті:

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер