Қазақтың археология және этнография мектебінің негізін қалаушы, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, тарихшы ғалым, академик Әлкей Марғұланның қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Әлкей Хаканұлы Марғұлан 1904 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. «Википедия» онлайн-энциклопедиясында мынадай мәліметтер берілген:
– …Әлкей Марғұлан Абылай ханның ту ұстаушысы Олжабай батырдыңшөбересі. Оның әкесі Хакан мен анасы Нұрилә өз уақытының көзі ашықадамдары болған. Сол дәуірдегі қазақ даласындағы ақындар мен жырауларбұл шаңырақта жиі бас қосатын болған, Хакан мен Нұриләнің шаңырағындаАбайдың өлеңдері оқылып, Жаяу Мұса мен Ақан серінің, Тәттімбеттіңшығармалары орындалған.
Ауыл мектебінде, одан кейін үш жылдық орыс мектебінде оқыған Әлкейдіңбозбала шағы Қазан төңкерісіне тап келеді. 1919 жылы мұғалімдер курсынаоқуға түскен ол бір жыл оқып, туған ауылында мұғалім болып жұмыс істейбастайды. 1920 жылы танымал фольклоршы Ә.Диваев қазақ кеңесфольклорын зерттеу мақсатында Жетісуға және Сырдария өзеніне ғылымиэкспедиция ұйымдастырады. Сол экспедицияның құрамында Әлкей деболады. Өз біліміне қанағаттанбаған Әлкей 1921 жылы Семей педагогикалықтехникумына оқуға түседі. Сол замандағы алғашқы орта оқу орныныңдиректоры Әлкейдің нағашы атасы Әбікей Сәтбаев (Алашорданың мүшесі) болған. Осы техникумда болашақ академик және геолог Қаныш Сәтбаев пенжазушы–драматург Мұхтар Әуезов те оқыған. 1928 жылы Мұхтар Әлкейдіөзімен бірге Ленинградта оқуға шақырған. Ол заманда жақсы оқитынстуденттердің бірнеше оқу орнында қатар оқуына рұқсат етілген. ӘлкейМарғұлан осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, үш жоғарғы оқу орнында, атапайтқанда, Шығыстану институтында, Материалдық мәдениет институтында(кейіннен Археология институты деп аталған) және Өнертану институтындақатар оқыған. Ә.Марғұлан В.Бартольд, С.Олденбург, И.Крачковский, А.Самойлович сынды ұлы орыс ориенталистерінен дәріс алған.
Ленинградта оқи жүріп жас ғалым әйгілі Александр Затаевичпен танысқан. Жазғы демалыс кезінде Затаевичпен бірге туған жеріне келіп, халық әндерінжаза бастаған. 1929 жылы оқуын бітіріп, 1930 жылы ағарту саласындағыеңбек жолын бастаған. КСРО Ғылым академиясы жанындағы Материалдықмәдениет тарихы мемлекеттік академиясының аспиранты болған. Сталиндікрепрессия Әлкей Марғұланды да айналып өтпеген, 1934 жылы қудаланып, басы әрең аман қалған. Кейіннен аспирантураға қайта қабылданып, кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Сол сәттен бастап, өмірінің соңына дейін Әлкей Хаканұлы Марғұлан қазақ ғылымының дамуына, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Классикалық терең білімнің иесі Ресейдің, Ташкенттің архивтерінде отырып, қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ақтарған. Әлкей Марғұланның архиві өте бай екені белгілі. Тіпті, ашылмаған құпиясы да аз емес деседі білетіндер. «Пәлен жылға дейін ашуға болмайды» деген бумалары да бар көрінеді. Бұл академиктің архивіне қатысты көп аңыздың бірі. Ол кісінің архивін ақтаруға құштар жас ғалымдардың аз болмайтыны да содан болса керек. Ғалымның архивіне аңсары ауған тарихшылар қатарында Рашит Оразов та бар. «Әлкей Марғұланның архивімен танысуға қатты қызығушылығым болған еді, – дейді Р.Оразов. – Бұл кісі Сібірдің, Ташкенттің архивтерінде көп отырған. Өте көп құжаттардың көшірмесін алған. Сібірдің архивінде отырып, Шоқан тақырыбын зерттеген. Қазақ хандары туралы да біздің қолымызда жоқ көптеген тың дүниелер бар болуы керек деп топшылаймын. Ресейге жер аударылғандар туралы тың мәліметтер аз болмаса керек. Бірақ, кеңестік идеологияға байланысты қолда бар дүниесінің барлығын бірдей жариялай алмаған. Осы тың деректер бүгінгі күні ашылуы тиіс деген ойдамын. Архивін қарау үшін қызы, мұрагері Дәнел Әлкейқызымен сөйлескен едім. Егер тың дүниелер табылып жатса, ол кісіні соавтор етіп қосуға да қарсы емеспін. Бірақ, ол кісі рұқсат етпеді. Былтыр он томдығы шықты, тұсаукесер рәсіміне қатыстық. Еңбектерін ақтарып шықтым, айтарлықтай тың дүние байқамадым. Барлығы да бұрын айтылып, жарияланып жүрген дүниелер. Біздің Алматыдағы мемлекеттік мұрағатта да Әлкей Марғұланның мұрасы аса көп емес, тіпті жоқтың қасы. Он томдық шыққаннан кейін Дәнел Марғұланқызы академик мұрасының бір бөлігін Павлодар Мемлекеттік университетіне тапсырған екен, алайда, онда да бұрын жарияланбаған тың деректер жоқ сияқты».
Тарихшы ғалым Марғұлан мұрасының ашылмаған сыры әлі де көп деп ойлайды. Жарияланбаған, тың дүниелердің аз емес екенін сезеді.
Әлкей Марғұлан мұрасына қызығушылық студенттер мен магистранттар арасында да жоғары. Мәселен, Арман Әбікей есімді азамат өткен жылы ғана «Әлкей Марғұлан еңбектеріндегі сабақтастық мәселесі» деген тақырыпта магистрлік диссертация жазып, қорғаған.
«2010, 2011 жылдары Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатқа арнайы барып, материал іздедім. Әлкей Марғұланның мұрасына қатысты мардымды ештеңе таппадым, – дейді Арман. – Архиві қызының қолында екен, ол кісіге де бардым. Бірақ, архивін ақтаруға рұқсат берген жоқ, тек библиографиялық еңбекпен таныстым. Ол кезде он төрт томдығы тұтас шығып бітпеген еді, жеті томы жарық көріп үлгерген. Соған сүйендім, Әлкей Марғұлан туралы естеліктерге сүйендім».
Әлкей Марғұланның көзін көрген, ғылыммен бір сапта тұрып айналысқан ғалымдар аз емес. Солардың бірі – Самат Өтенияз. Шоқан Уәлиханов, Шоқанның әжесі Айғаным туралы кітап жазған С.Өтенияз Әл-ағаның архивінде жарияланбаған, тың дүниелер бар екенін жоққа шығармайды.
«Шықпаған еңбектері бар, өте көп. Кеңестік идеология білгенінің барлығын бірдей жариялауға мұрша берген жоқ», – деген Самат Өтенияз келешекте бұл туралы кеңірек әңгімелеп беруге уәде берді.
Сталиндік репрессия Әлкей Марғұланды да айналып өтпегенін ескерсек, айтылмаған сыр, ашылмаған құпияның көп екендігіне тағы да көз жеткізе түсеміз. 2007 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасы шығарған «Көркемсуретті Қазақстан тарихының» төртінші томында мынадай жолдар бар:
– …КСРО басшылығы қабылдаған мәдени құрылыс міндеттері қандай да болмасын ғылыми еркін ойлау әрекеттеріне тосқауыл қойды. Қазақстан КП ОК пленумының (1947, наурыз) қаулысы төменгі партия комитеттеріне «тарихта, әдебиет пен өнерде орын алған саяси қателіктер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтарға қарсы большевиктік сынды кең өрістетіп, идеологиялық мәселелер жөніндегі БК(б)П ОК-нің қаулысын бұлжытпай орындау…» міндеттерін қойды. Соның салдарынан тағы да «дұшпандар» іздеу науқаны басталды.
«Қазақ ССР тарихының» бірінші томы айналымнан шығарылып өртелді, «Абай мектебі деп аталатынның ғылымға жат буржуазиялық-объективистік тұжырымдары» әшкереленді. Халқымыздың ұлы ақыны Абай есіміне қауіп төнді, тек сол кезеңдегі қазақ интеллигенттерінің қажырлы қимылдары ғана бұл сұмдықтан ақын абыройын арашалап қала алды. Қазақтың «Ер Сайын», «Едіге», «Орақ пен Мамай», «Шора батыр» сияқты көптеген батырлық эпостарын баспадан шығаруға тыйым салынды. Қазақстан жазушыларының барша шығармаларына әкімшілік бақылау қойылды…
Қазақстан К(б)П ОК-нің «Қазақ КСР-і Ғылым академиясы мен тіл институтының жұмыстарындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында Е.Ысмайылов, М.Әуезов, Қ.Мұхаметжанов, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов және басқа да көптеген ғалымдарға ұлтшыл және оны «сыртқа таратушылар» деген айып тағылды. Республиканың аса көрнекті тарихшысы Әлкей Марғұланның көзқарастары бейғылыми деп жарияланды.
Осындай сұрапыл сәттерде шындықтың бетін ашу, қолда бар дүниенің бәрін жариялау басын саналы түрде қатерге тіккенмен тең болар еді. Болашаққа бағдар жасаған Әлкей Марғұлан мұны білмеді дей алмаймыз. Идеологияның сүзгісіне құрбан болған немесе сол сүзгіге түспестен, тасада тығылып жатқан тың дүниелер көп дегенді нық сеніммен айтатынымыз да содан.
Әлкей Марғұлан қалдырған өлмес мұра, өшпес мирас күллі қазақ халқына тиесілі десек те, заң жүзінде ғалым мұрасының бірден-бір иегері ол кісінің перзенті, қызы Дәнел Марғұлан. Біз Дәнел Әлкейқызына да телефон арқылы хабарласқан едік. Он төрт томдықтың шыққанын айта келіп, Д.Марғұлан былай деді: «Әкем дүние салғаннан кейін архивтерден хабарласып, мұрасын сұраушылар көп болды. Бірақ, мен жарияланғанға дейін ешбір құжатты бере алмайтынымды айттым. Былтырғы он төрт томдықта біраз материалдар бар. Жарияланбаған, тың дүниелері де жетерлік. Топшылауымша, әлі үш кітапқа жететін материал бар, олар негізінен бұрын жарияланбаған дүниелер. Былтыр Алматыдағы мемлекеттік мұрағатқа біраз дүниесін өткіздім. Жұрттың ақыл айтуымен Астанаға да жібердім. Павлодар университетіне Шоқан Уәлиханов туралы деректерін тапсырған едім, олар соның негізінде екі кітап шығарды. Келешекте де біраз дүниелері жарық көреді».
Дәнел Марғұлан айтып отырған ғалым мұрасының бір парасы бүгінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында. Орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Күлнәзия Аманжолованың жазуына қарағанда, Әлкей Хаканұлы Марғұланның мемориалдық кітапханасы көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. «Ғылыми орталыққа Әлкей Марғұланның архивінен берілген әрбір материалдың тарихы бар және олардың әрқайсысы болашақтағы үлкен зерттеулердің бастауы. Соның ішінде ғалымның жеке кітапханасы да бар. Онда археология, этнография, шығыстану, тарих, өнертану салаларына қатысты қазақ, орыс, неміс, ағылшын, қытай тілдеріндегі еңбектер бар. Кейбірінде авторлардың қолтаңбасы қойылған. Ғылыми-зерттеу экспедицияларының карталары мен қолжазбалары да жетерлік», – деп жазады К.Аманжолова «Библиотечное дело» журналына берген ғылыми мақаласында.
Әлкей Марғұланның мұрасын зерттеумен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты да айналысады. Оның құрамында «Марғұлантану» атты арнайы бөлім де болған. Институт директорының орынбасары Рахым Ағыбайұлының айтуына қарағанда, соңғы жылдары қаржылық жағдайға байланысты бөлім жабылып қалған екен. «Қазіргі кезде біз осы бөлімді қайтадан ашу ісін қолға алып отырмыз. «Әлкей Марғұланның ғылыми мұрасы» деген арнайы тақырып алдық. Бұл тақырыппен Серік Әжіғали, Марван Хамитова сынды тарихшылар мен ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы айналыспақ», – деді Рахым Ағыбайұлы. Яғни, Әлкей Марғұланның мұрасы іздеусіз, сұраусыз емес деуге толық негіз бар. Алайда «пәлен жылға дейін ашуға болмайды» деген құпия архиві жөнінде әдемі аңызды да жоққа шығарғымыз келмейді. Тіпті ондай архив жоқ болған күннің өзінде бұл аңыз ұлы ғалым тұлғасын биіктете түсері хақ.
Деген екен…
Соңғы жаңалық
Тарих саласының ғалымы Бек Сүлейменовпен Әлекең (Әлкей Марғұлан) көрші тұрыпты. Бес-он күнде бір рет Әлекең, Бекті шақырып алып, жаюлы дастарқан басында:
– Ал, Бек, жердің беті, айдың жүзі, күннің көзінде нендей жаңалық болып жатыр, сөйлей отыр, – дейді екен.
Бұл оқиға бірнеше рет қайталанған соң, ғылыммен шұқшия айналысатын Әлекеңнің күнделікті баспасөзді қарап отыруға уақытының бола бермейтінін түсінген Бек Сүлейменов, мұнан кейін соңғы жаңалықтарды шола әңгімелеп беруді әдетіне айналдырған екен.
Білген сөйлейді
Бір ғалым өзінің докторлық еңбегін қорғап жатса керек. Даулы пікірлер туындап, академик Әлкей Марғұлан екі-үш рет шығып сөйлепті. Сонда ойнай беретін біреу:
– Әлеке, бүгін көп сөйлеп кеттіңіз ғой, – дейді. Бұған Әлекең:
– Кісі не нәрсе туралы бірдеңе білген соң сөйлейді ғой, білмесе несін сөйлесін, – деп жауап беріпті.
Дерек пен дәйек:
Ә.Марғұлан филология ғылымдарының докторы (1946); Қазақ КСР ҒА академигі (1958); профессор (1960); Қазақ КСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1961).
Беғазы-Дәндібай мәдениет ашушы.
• 1991 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Археологиялық орталығының негізінде жеке-дара Археология институты құрылған. Оған ғалым Әлкей Марғұлан есімі берілген.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты Қазақстандағы археологиялық зерттеулерді жүргізу және үйлестіру орталығы болып есептеледі. Институттың құрамында алты бөлім және екі топ бар.
• Ғалымның 100 жылдың мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен.
• Павлодарда, Астанада және Екібастұз қаласында Әлкей Марғұлан атындағы көшелер бар. Ә.Марғұлан атындағы халықаралық қор жұмыс істейді.
Жұлдыз Әбділда,
zhasorken.kz