Шымкенттен Шерзод Хаширбаев қысқы олимпиадаға қатысады

1655
Adyrna.kz Telegram

Он күннен соң Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Әлемдік жарыста қысқы спорттан ұлттық құрама сапында Шымкенттің намысын қорғауға Шерзод Хаширбаев аттанады. Аталған додада шымкенттік атлет фристайл-акробатикадан сынға түседі. Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев мәлімдеді.

– 4-20 ақпан күндері Қытайда өтетін спорттық додаға қаламыздан бір спортышы лицензияға ие болып отыр. 19 жастағы Шерзод Хаширбаев Финляндияда өткен әлем кубогінде төртінші орынды жеңіп, олимпиада жолдамасын алды. Шерзод болашағынан үміт күттіретін спортшыларымыздың бірі. Ол Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем кубоктарының белгілі кезеңдерінен өтіп жүлдегер атанды.Сспортшымыз Алматыда ұлттық құрама спортшыларымен әлемдік додадаға дайындық үстінде. Қазір олимпиадаға баратын спортшыларымыз карантинге оқшауланып, дайындықтың соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Олар 27 қаңтарда Қытайға аттанады. Ал Пекин қаласында 10 ақпанда фристайлдан жарыстар басталады деп жоспарланған. Шерзод 16 ақпанда өнер көрсетеді деп күтілуде. Жас болса да, үлкен үміт күтеміз, - дейді Бауыржан Қалмұхамедұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкентте қысқы спорт түрлері дамып келе жатыр. Қалада қысқы олимпиада резервін дайындайтын арнайы спорт мектебі бар. Мұз сарайында орналасқан мектепте спорттың төрт түрінен жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, шайбалы хоккей, шорт-трек, фристайл және мәнерлеп сырғанаудан атлеттер дайындалады.
Бейжіңдегі Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал олимпиадалық команда құрамында елімізден 34 спортшы өнер көрсетеді. Спорт түрлеріне келсек, айтарлықтай өзгеріс жоқ 87 лицензиямыз бар. Осы аптада басқа спорт түрлері бойынша нақтыланады. Лицензиялардың басым бөлігін шаңғышылар (35), конькимен жүгірушілер (12) және биатлоншылар (12) жеңіп алды.

Пікірлер