Мың бөлме мен бір ғана бөлме хикаясы - Ерден ҚАЖЫБЕК

6798
Adyrna.kz Telegram

МЫҢ БӨЛМЕ мен БІР ҒАНА БӨЛМЕ хикаясы

(жаңа министр Асқар Қуанышұлы бауырымыздың «құлағына алтын сырға»)

Кеше Түркияның Ататүрк атындағы Мәдениет, тіл және тарих академиясы (Atatürk Kültür, Dil ve Tarih Yüksek Kurumu) ұйымдастырған жиында баяндама жасадық. (Академия атауының құрамындағы «уüksek» деген сөздің «ең жоғарғы деңгейдегі мәртебе» дегенді білдіретінін айта кетейік). Басқосуға Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан мемлекеттерінен үш профессор ғана шақырылды. Yш-ақ баяндама жасалды. Әр баяндаманың регламенті — бір сағаттан. Әр баяндамадан кейін, кемінде, бір сағаттай сұрақ-жауап түрінде пікір алысу болды. Одан кейін әр баяндама 2-3 сағат талқыланып, тұжырым жасалды.

Жиын екі күнге созылды. Қатысушылары — тіл, әдебиет, тарих, пәлсапа, археология, саясаттану, өнер, география, экономика, мәдениет, педагогика, психология, этнография, антропология, компьютер ғылымы және т.б. салалардағы түрік ғылыми мекемелерінің жетекшілері, университеттер мен мемлекеттік органдардың басшылары.

Әңгіме ғылым жөнінде өрбіді.

Бізге қойылған сұрақтар, негізінен, мынадай бағытта болды:

* Басқа елдерде мемлекеттің ғылымды басқаратын басты тетігі болып саналатын ғылым академиясының Қазақстанда ғана қоғамдық бірлестікке айналдырылуының себебі неде?

* Басқа елдер академиялық ғылыми жүйені бүкіл ғылым салаларын үйлестіру мен ұйымдастыру үшін тиімді пайдаланса, неге сіздерде, керісінше, академиялық мәртебе инженерлік, педагогикалық, ауыл шаруашылық, жаратылыстану, әлеуметтік, медициналық, әскери ғылымдар, мемлекет басқару секілді бірнеше мемлекеттік және мемлекеттік емес академияларға берілді?

* Сайтынан байқағанымыздай, Білім министрлігіне ғылыми мекемелердің тек бір бөлігі ғана жататын көрінеді… Сонда мемлекет ғылымды тұтас және жеке-жеке бағыттары бойынша қалай жоспарлап, бақылайды, зерттеп, сараптайды? Алқалы басқосуға қатысқан ғалымдар еліміздегі соңғы оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, шынайы жанашырлық танытып, мұндай келеңсіздіктердің енді қайталанбауына ниеттестігін білдірді.

 


Жиында: «Қазіргі кезде қаржылық, материалдық құндылықтарға баса назар аударылуда. Ол түсінікті де. Алайда, біздің пікірімізше, соңғы жылдардағы Қазақстанның ең ауыр шығыны — ғылымды әлсіреткені және ғылыми академиялық жүйені жоя жаздағаны болып отыр. Өйткені дамыған ғылымсыз мәдениетті өркендету, экономика мен қаржылық жүйені, ауыл шаруашылығын дамыту, саясати тұрақтылық мәселесін шешу де бос әурешілік» — деген пікір айтылды.

Тағы бір аса қызығарлық жайтпен бөліссем деймін. Түрік мемлекеті бұл жиынды ұйымдастырушы академияға арнайы салып жатқан жаңа ғимаратты биыл бітіреді екен (өздерінде көпқабатты ғимарат бар бола тұра!).

Жаңа кеңселеріне академия басшылығы тың тұжырымдамамен, соны көзқараспен, жұмыстарымызды таза академиялық жүйеге толық сәйкестендіріп көшеміз деп шешіп отыр. Яғни өзбектер, орыстар, әзербайжандар, грузиндер, украиндар, белорустар, немістер, жапондар, ағылшындар, корейлер сияқты ғылымды қамқорлыққа алуды басты ұстаным етіп отыр. Сондықтан әр елден бір-бір ғалымнан шақырып кеңейтілген академиялық алқалық жиналыстарын тәжірибе алмасу бағытында жалғастыруды жоспарға қойған.

Бұдан кейінгі жиындарға Қытай, Малайзия, Корея және Жапониядан ғалымдар шақыру көзделген. Содан соң Еуропа мен Американың танымал ғалымдары тыңдалады. Бұның бәрі озық тәжірибені меңгеру және басқаларының қателерін қайталамау мақсатында жасалып отырған игі іс екені айтпаса да түсінікті.

Жаңа ғимарат жұлдыз пішінінде болады екен. Жұмыс бөлмелерінің көлемі 100 мың (жүз мың!) шаршы метрден астам. 4 қабаты жер астында (архив, қойма және т.б.), 4 қабаты жер үстінде болады. Үлкен кітапхана, кең, толық жабдықталған кеңселер де жетерлік...

…Түрік елінің бір ғана ғылыми ұйымының еншісіне көлемі МЫҢ БӨЛМЕ болатын ғимарат бұйырып жатқанда өз елімізде болып жатқан кейбір жайттарды айтуға, тіпті, қорланады екенсің.

Бір-ақ мысал келтірейін. Мен шетелде жүргенде «Алматыда Ассамблея орналасқан үйден академиктер Әбдуәлі Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы жиырма жылдан астам уақыт ел игілігі үшін жұмыс жасаған БІР ҒАНА БӨЛМЕ «маңдайымызға сыймай», «Босатыңыз!» деп жатыр» деген хабар алдым.


«Айналайындар-ау, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы астанаға көшірілді, сол жақтан оларға жаңа орын беріліп жатыр. Қоғамды құрған академиктердің киелі орнын заңды мұрагері болып саналатын «Халықаралық «Qazaq tili» академиясы» тұрақты түрде қарап тұруға, үздіксіз жиналыстар, кездесулер ұйымдастырып, қазақ тілінің ғылыми-қоғамдық алаң ретіндегі қызметін жалғастыруға келісімін беріп отыр. Бізге Қоғамның басшысы Берік Әбдіғалиұлы: «Сіздер бізге керексіздер, бірге жұмыс істейміз. Академия басшысы Қоғамның Төралқа мүшесі, ал Ерекеңнің (яғни менің) орынбасары Бижомарт Қапалбек – менің кеңесшім» десе де, бұған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (жаңа министр Асқар Қуанышұлы бауырымыздың «құлағына алтын сырға») рұқсат бермей жатыр дейді «Достық үйінің» басшылары.

Амал нешік, академик Өмірзақ Айтбайұлы өз ақшасына кезінде сатып алған кабинет жиһаздарын, ұлағатты ұстаздың қолжазбаларын, кітаптарын және (ең маңыздысы!) біздің бойтұмарымызға айналған, Өмекең мәңгі сапарына аттанғанша қолынан бір тастамаған сырлас жан досы – қазақтың қара домбырасын — осылардың бәрін бөлмеден шығарып, босатуымыз керек болып тұр...

Аруақтан қорықпайтындар бүкіл саналы ғұмырларын қазақ тілі үшін, қазақ тіл ғылымы үшін сарп еткен қос академиктің мұрасын Алматыға сыйғызар емес. Енді, Өмекеңнің балалары мен інілері, жақын шәкірттеріне: «Мына құнды дүниені сіздер ғана алып кетуге құқылысыз. Оны үйлеріңізде сақтайсыз ба, елге, киелі Түркістанда ашылғалы жатқан музейге жолдайсыз ба, өздеріңіз білесіздер» деуден басқа амалымыз қалмай отыр...

«Бір ғана бөлмеде не тұр?!» дейтіндер бар, әрине. Алайда, мәселе тереңде жатыр. Бұл шешім – Ассамблеяда өзге ұлттарға мемлекеттік тілді тегін оқытып отырғандарды, қазақ тілін қазақтың жерінде өз үйінен қуу деп есептейміз!
         

Алла қаласа, ертең-бүрсігүні елге ораламыз. Жағдайдың аужайын анықтап, мәселені Төралқа мәжілісінде қарастырамыз…Мемлекет басшысы жария еткен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұран сөздерге емес, қарапайым нақты істердің орындалуына көңіл бөлетініне бек сенімдіміз!

 

Ерден ҚАЖЫБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер