Инженерлердің жаңа буыны мен техникалық мамандарды қалай даярлау қажеттілігі талқыланды

2650
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде инженерлердің жаңа буыны мен техникалық мамандарды қалай даярлау қажеттілігі талқыланды.

Қазақстанның жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер қойылды. Отандық білім орындарында өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын тәрбиелеу, техникалық мамандарды дайындау қажеттілігі басты назарға алынды.

Мұндай жаңа міндеттерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Парламент мәжіліс отырысында мәлімдеген болатын. Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде 19 қаңтар күні өткен «Бәсекелестік ортадағы университеттердің дамуы: трендтер мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция осы бағытты негізге алды.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова халықаралық ғылыми жиынның ашылуында: «Қазақстан Президенті «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі баяндамасында сапалы білімге қолжетімділікті арттырып, гуманитарлық мамандықтарға қарағанда, енді техникалық мамандықтарға басымдық берілу керектігін, инженерлер мен өндірісшілердің жаңа буынын дайындау қажеттілігін, сонымен қатар, жақын арада Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды жоспарлауды ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде дәл осы салада мамандар дайындап, сапалы білімге ерекше мән беріп отырған Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті үшін үлкен жауапкершілік», - деп атап өтті.

Жаңа міндетті негізге ала отырып, ғылыми-әдістемелік конференция жұмысында шетелдік әріптестермен бірлесе университеттер дамуының жаңа трендтері мен болашағы жайлы, заманауи талаптардағы университеттердің атқарар рөлі талқыланып, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасып, осы саладағы өзекті тақырыптар талқыланатынын, бәсекеге қабілетті заман талабына сай жаңа білім беру бағдарламалары жасалатынын жеткізді.

Халықаралық ғылыми жиынға Ресей, Ұлыбритания, Латвия жоғарғы оқу орындарының ғалымдарымен қатар, отандық ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ЖОО-лардың оқытушы-профессорлар құрамы, «Болашақ» бағдарламасының түлектері және студенттер қатысты.

Конференцияда білім беру үрдісінің заманауи трендтері, ЖОО-да инновациялық қызметті ұйымдастыру мен дамытудың негізгі бағыттары, Университеттердің ғылым мен инновациядағы рөлі және тағы да басқа өзекті мәселелер талқыланды.

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов еліміздегі фармацевтикалық әзірлемелер дайындау барысына тоқталды. Отандық өндірісшілердің өндіріп жатқан дәрілерінің үлес салмағы өте аз екендігін жеткізді. Баяндамасында белгілі болғандай, бүгінде қарапайым дәрілік құралдардың 11 пайызы Қазақстанда жасалса, қалған 89 пайызы импортқа тиесілі.

Айта кетсек, профессор А. Саданов ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. Амангелді Саданов біздің еліміз үшін жаңа және өзекті бағыт – Биотехнология мен топырақ микробиологиясын зерттейтін ғылыми мектепті құрғанын айта кеткен жөн.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде ұйымдастырылған халықаралық конференцияда шетелдік ғалымдардың да өзекті баяндамалары тыңдалды.

Таулы-Алтай мемлекеттік университетінің (Ресей) өкілі Тосканай Куттубаева ЖОО-да инновациялық қызметті ұйымдастыру мен дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып, ресейлік университеттің тәжірибесімен бөлісті. Бұл университетте мамандарды даярлау орта кәсіби білім беру, бакалавриат, магистратура сонымен қатар, специалитет және аспиратнура сатыларында жүргізілетінін баяндады.

Үздіксіз білім беру жүйесін дамытуды жүзеге асырудағы Алтай мемлекеттік университетінің (Ресей) рөлі жайлы баяндаған Алтай мемлекеттік университеті Химия және химиялық-фармацевтикалық технологиялар институтының директоры Ирина Микушина бұл салада жұмыс берушілер мен білім алушылардың қызығушылықтары мен сұраныстарын ескеруді, сонымен қатар жоғары оқу орнына дейінгі ғылыми жобалық даярлықтарды қолға алуды, білім беру бағдарламаларының, соның ішінде магистратура бойынша тыңғылықты жаңартылуын алға тартты. Ұлыбританиядағы Глазго университетінің оқытушысы Бақыт Төлегенов сапалы білім беру жолдарына тоқталды.

Рига техникалық университетінің (Латвия) профессоры Елена Чайко университеттердегі онлайн оқыту жүйесінің барысын талдаса, Оңтүстік-Орал мемлекеттік университетінің (Ресей) кафедра меңгерушісі Ирина Потороко университеттердің білім беру саясатына тоқталды. Мәскеу мемлекеттік тамақ өнімдері университетінің институт директоры Татьяна Данильчук білім беру үдерісінің заманауи сын-қатерлері мен дамуы жайлы баяндама жасады.

Осы орайда отандық ғалымдар да өз ойларын ортаға салып, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі Мадина Мансұрова бейресми білім беру нәтижелерін тану және мәселелері мен перспективаларын, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің департамент директоры Бауыржан Татибеков университеттердің ғылым мен инновациядағы рөлін талқылады.

Ал Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің профессоры Шарбану Мұздыбаева университеттегі үздіксіз білім беру саласы бойынша ғылыми баяндамасымен бөлісті.

Қазақстанда инженерлер мен техникалық мамандар дайындайтын оқу орны Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіндегі білім беру бағдарламалары бойынша проректор Дархан Ақпанбетов мәлімдесе, Ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа арналған «Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті-Financial Economic Lab»: кадрларды даярлау, қайта даярлау және Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша «Болашақ» бағдарламасының түлегі Дәурен Жолдыбек баяндады.

Халықаралық әдістемелік конференцияда сонымен қатар, білім беру үрдісінің заманауи трендтері жайлы Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті экономика және финанс кафедрасының профессоры Айгүл Тоқсанова айтып өтті.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде өткен «Бәсекелестік ортадағы университеттердің дамуы: трендтер мен болашағы» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция онлайн форматта ZOOM платформасында жүргізіліп, Youtube желісінде трансляцияланды.

Шетелдік және отандық ғалымдардың басын қосқан бұл ғылыми халықаралық конференцияда инженер, техника саласында сапалы мамандарды, бәсекеге қабілетті өндурішілерді даярлауға негіз болатын озық тәжірибелер айтылып, сапалы маман-кадрларды даярлауға үлес қосатын оқыту, білім беру үлгілері ұсынылды.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер