Назарбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы петицияға қол жинау басталды

1902
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы петицияға қол жинау басталды. 19 қаңтардағы мәлімет бойынша, оған қол қойғандар 2 мыңға жуықтады.

Петиция авторы онда "Тұңғыш президент туралы" заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаевқа қандай артықшылықтар берілгенін еске салған:

  • Назарбаевты ұстауға қамауға, тінтуге, тергеуге болмайды, оған және отбасына тиесілі мүліктерге қол сұғуға тыйым салынған;
  • Назарбаев пен отбасы өмір бойы күзетіледі, экс-президенттің өмірі мен денсаулығы сақтандырылған;
  • Оған президент жалақысының 80 пайызына тең зейнетақы төленеді, онымен бірге тұрған отбасы мүшесінің әрқайсысына ай сайын жәрдемақы төленеді;

"Еркін демократиялық қоғам құрғысы келетін Қазақстанда мұндай артықшылықтарға жол беруге болмайды деп санаймыз. Бұған қоса, Назарбаев отбасы мен туыстарының табыс көзі күмәнді. Мұның барлығы заңды және объективті зерттелуі тиіс, алайда бұл жоғарыда аталған заңға ( "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы" туралы заң – ред.) қайшы. Аталған заңның күшін жоюды талап етеміз" делінген петицияда.

Сарапшылар кейінгі кезде жұрт алдына көрінбей кеткен, 18 қаңтарда ғана видеомәлімдеме жасап, елдегі оқиғаларға пікірін білдірген Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсірегенін айтады. Соңғы уақытта оның жақындары мен оған жақын шенеуніктер бірінен-соң бірі қызметтерінен кетіп жатыр. Бұған дейін Назарбаевтың өзінің де Қазақстаннан тыс жерде екені айтылған. Бірақ бұл ресми түрде расталмады.

Қазақстанда 2 қаңтарда басталған наразылық шаралары шамамен бір аптаға созылды. Оған сұйытылған газдың қымбаттауы себеп болған. Наразылар өзге талаптармен бірге отставкаға кетсе де, саяси ықпалын сақтап қалған 81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен толық кетуін де талап еткен. Наразылықтың соңы Қазақстанның Тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған ірі тәртіпсіздікке ұласты.

Петицияға мына сілтемеге кіру арқылы қол қоя аласыз: https://egov.press/1162-peticija-trebuem-otmeny-zakona-rk-o-pervom-prezidente.html

azattyq.org

Пікірлер