Бибісара Асаубаеваның анасы төсбелгімен марапатталды

2298
Adyrna.kz Telegram

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлем шахматы тарихындағы ең жас әлем чемпионы Бибісара Асаубаевамен кездесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Кездесу барысында министр Бибісара Асаубаеваны құттықтай келе, анасы Лиана Таңжарықоваға алғысын білдіріп, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

«Бибісара – ел мақтанышы. Бүкіл әлем көз тіккен беделді турнирдегі Бибісара Асаубаеваның жарқын жеңісі, еліміздегі шахмат тарихында алтын әріппен жазылатын болады. Осы орайда Бибісараның ата-анасына, жаттықтырушыларына ерекше алғыс білдіргім келеді. Бибісара Асаубаеваның айтулы жеңісі өселең ұрпақтың шахмат спортына деген қызығушылығын арттырып, ынталандыратыны сөзсіз», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі.

Естеріңізге сала кетейік, Польша астанасы Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында 17 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева «блицте» бірінші орынды жеңіп алып, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында ең жас шахматшы атағына ие болды.

Сондай-ақ аталмыш чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (рапид) 2-орынды иеленді. Бұған дейін қазақстандық спортшы Бибісара Асаубаева қыздар арасында 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі классикалық шахматтан әлем чемпионы, 7, 9 жасқа дейінгі оқушылар арасында әлем чемпионы атанған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер