"Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды": Назарбаев пен оның отбасының артықшылықтары

13995
фото: StanRadar
фото: StanRadar

Қазақстанда сонау 2000 жылы оған және оның отбасына қай тұрғыдан болмасын толықтай кепілдік беретін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» конституциялық заң қабылданған болатын.

Ешкімнің тиіспеуі: Елбасы жауапкершілікке тартылмайды

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Заңда Елбасыға (Ұлт Көшбасшысының) ешкімнің тиісе алмайтыны және ол Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайтыны жазылған.

Тұңғыш Президент мемлекет басшысы қызметінен кеткеннен кейін де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауап бере алмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығындағы барлық мүлікке қол сұғылмайды.

Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке меншігіндегі мүлікке, сондай-ақ ол құрған заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қоюға болмайды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі.

Назарбаев пен оның отбасының өмір бойы қауіпсіздігі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын қорғау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің тиісті бөлімшесіне жүктелді.

Тұңғыш Президент тұрақты немесе уақытша тұратын жерінде өмір бойы мемлекеттік қорғауға алынады.

Мемлекеттiк қорғау Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруын тоқтатқан, онымен немесе оның айналасындағы адамдармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне де қамтамасыз етiледi.

Елбасы Назарбаевтың өмірі мен денсаулығы сақтандырылған

Өкілеттігін жүзеге асыруды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жасына қарамастан Қазақстан Президентінің айлық лауазымдық жалақысының 80 пайызы мөлшерінде ай сайынғы зейнетақы алуға құқылы. Елбасының зейнетақысы ел Президентінің лауазымдық жалақысының өсуін ескере отырып өсіріледі.

Өкiлеттiгiн жүзеге асыруды тоқтатқан тұңғыш президенттiң өмiрi мен денсаулығы Қазақстан Президентiнiң жыл сайынғы лауазымдық жалақысына тең мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен мiндеттi мемлекеттiк сақтандыруға жатады.

Онымен бірге тұрған Елбасы отбасының әрбір мүшесіне ол қайтыс болған күні Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жасына байланысты ең төменгі зейнетақының 10 еселенген мөлшерінде өмір бойына ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады.

Сонымен қатар, Елбасы мен оның отбасы мүшелері бірінші президент мемлекет басшысы қызметін тоқтатқан кезде көрсетілген көлемде тегін медициналық көмек пен санаториялық-курорттық емделуге құқылы.

Назарбаевтың шығынын кім төлейді?

Конституциялық заңға сәйкес осы Конституциялық заңда көзделген шығыстарды қаржыландыру, оның ішінде қорды толықтыру мен күтіп-ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын сақтауға жұмсалады және шығындар республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Нұрсұлтан Назарбаевқа және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тұрғын үй, емдеу, санаторий-курорттық, көлік және басқа да қызметтерді уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket