«Келешек мектептері – жай ғана ғимарат емес, жаңа буынның өсу ортасы»

1790
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/ebb48de2-cde6-4c8a-ab8e-02068edc0484-960x500.jpeg?token=ff486bbdc6b225d891360e7c5ad468ad

Соңғы жылдары Қазақстанда білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Солардың ішінде ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – ерекше назарда. Бұл бастаманың мақсаты, қазіргі ахуалы және болашағы туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мырза арнайы сұхбат берді.

– Қаныбек Бекболатұлы, ең алдымен, ұлттық жобасының мәні мен маңызын қысқаша түсіндіріп өтсеңіз.

– «Келешек мектептері» – бұл тек жаңа ғимарат салу емес. Бұл – баланың жан-жақты дамуына қолайлы, қауіпсіз және инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған ұлттық деңгейдегі стратегиялық жоба.

Мемлекет басшысы бұл жобаны елдегі орта білім сапасын арттыру, ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын жою үшін ұсынды. Ең бастысы – бұл жоба барлық балаға тең мүмкіндік беруді көздейді.

– Жоба аясында қандай нақты нәтижелерге қол жеткізілді?

– 2023 жылдан бастап жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру басталды. Қазірдің өзінде бірқатар өңірде жаңа форматтағы мектептер ашылды. 2025 жылдың соңына дейін мұндай форматтағы 217 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр. Бұл – 460 мыңнан астам оқушы орны. Соның ішінде 40 пайыздан астамы ауылдық елді мекендерге тиесілі. Бұл – ауыл баласы да қаладағылармен бірдей жағдайда білім алуын қамтамасыз етеді деген сөз.

– Бұл мектептер бұрынғы мектептерден несімен ерекшеленеді?

– Біріншіден, жаңа мектептер кең әрі эргономикалық тұрғыда тиімді етіп жобаланған. Типтік мектептерге қарағанда 15–20%-ға үлкен. Әр оқушыға жеке шкаф, трансформер-парта, тынығу аймағы қарастырылған.

Екіншіден, қауіпсіздік бірінші орында: Wi-Fi, бейнебақылау, турникеттер, жедел дабыл түймелері – барлығы орталықтандырылған жүйе арқылы бақыланады.

Үшіншіден, бұл мектептерде STEM-зертханалар, IT кабинеттер, аспаздық және тігін шеберханалары, спорт залдары, робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Бұл – оқушыларға тек теория емес, практика арқылы үйренуге мүмкіндік береді.

– Инклюзивті білім беру туралы да айтып өтсеңіз…

– Әр мектепте ерекше білімді қажет ететін балалар үшін толық жағдай жасалған. Лифт, пандус, арнайы дәретханалар, инклюзивті кабинеттер, логопед, психолог қызметі – барлығы қолжетімді. Білім – барлық балаға бірдей болуы керек. Бұл – жобаның негізгі ұстанымдарының бірі.

– Ал мұғалімдер ше? Олар осындай жаңа ортада жұмыс істеуге дайын ба?

– Иә, бұл өте маңызды сұрақ. Біз тек ғимарат салып қоймаймыз, сол мектептерге арнайы дайындықтан өткен мұғалімдерді жіберуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде 3 мыңнан астам педагог арнайы курстардан өтті. Олардың бәрі цифрлық құралдар, жаңа әдістемелермен жұмыс істеуге машықтанып жатыр.

Сонымен қатар жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, арнайы кадр дайындау жүйесі жолға қойылды. Ал мектеп директорлары «Білім беру саласындағы 1000 көшбасшы» жобасының қатысушылары арасынан таңдалады.

– Оқушылардың қызығушылығын, қабілетін дамыту бағытында қандай тетіктер бар?

– Жоба шеңберінде бастауыш сыныптан бастап кәсіптік бағдар беру жүйесі енгізіледі. 7-сыныптан бастап бейінді пәндер, жеке оқу бағыттары, менторлық жүйе жолға қойылады.

Қазір біз «Мансап компасы» атты цифрлық платформа әзірленуде. Бұл – оқушыға өзінің қызығушылығы мен қабілетіне қарай болашақ мамандығын таңдауға бағыт береді.

– Бұл мектептер ел дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Білім сапасын, инфрақұрылымын дамыту – адам капиталына салынған инвестиция. Біз білімді, бастамашыл, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу арқылы мемлекеттің болашағын қалыптастырып жатырмыз.

«Келешек мектептері» – тек білім ошағы емес, ол заманауи ойлайтын, ұлттық құндылықты қадірлейтін, технологиялық сауатты тұлғаның қалыптасу ортасы.

– Уақыт бөліп, нақты ақпаратпен бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз.

댓글
기타 기사