Қаныш Сәтбаевты "Халық қаһарманына" ұсыну кімге керек?

2295
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/04/img_2836-960x500.jpeg?token=9a2d4a33305f18d4719b6cc1ca2a6909

Тележүргізуші Майя Бекбаева желідегі парақшасында Президентке үндеу жасап, ұлт қазынасы Қаныш Сәтбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беруді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Zakon.kz-ке сілтеп.

Оның айтуынша, Қаныш Сәтбаев тек ғалым емес, ол – соғыс жылдарында КСРО-ны шикізатпен қамтамасыз ету арқылы Жеңіске үлес қосқан стратег. Оның еңбегі – тек ғылымдағы жетістік емес, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекетке қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

"Бүгін мен сенатор, академик әрі ғалым Алтынбек Нұхұлымен бірге Қазақстан Республикасының Президентінің атына Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы өтінішпен бірлескен хатқа қол қойдық.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында, Қазақстан мен қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесін еске ала отырып, қазақ ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімін атамай кету мүмкін емес. Оның тек Қазақстанның дамуына ғана емес, гитлерлік Германиямен болған соғыста бүкіл Кеңес Одағын құтқаруға, оның түпкілікті жеңісіне және фашизмнен бүкіл әлемді аман алып қалуға қосқан үлесін бағалау қиын. Бұл марапат пен мойындау Сәтбаевтың өзіне емес — біздің қоғамға, қазақстандық жастарға және болашақ ұрпаққа қажет. Олар білуі, есте сақтауы және сенуі тиіс: нағыз патриотизм, Отанға деген махаббат, халық үшін адал еңбек, адамгершілік, әдептілік пен батырлық қоғам мен мемлекет тарапынан әрқашан лайықты бағаланады. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы @tokayev_online, Сізден Қазақстанның жарқын болашағы үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтіру актісін жүзеге асыруыңызды азаматтық парызым деп сұраймын", - деп жазды ол бір күн бұрын.

Алайда, бұл ұсынысқа қарсы пікір де бар. Журналист Жарылқап Қалыбай бұл бастаманы сынға алды.

"Сәтбаев - ұлы тұлға. Оған “Халық қаһарманы” деген атақтың не керегі бар?!
Бұл қате ұсыныс!
Баяғыда қайтыс болған Сәтпаевқа “Халық қаһарманы” атағы неге керек?! Оның Сәтпаев деген атының өзі үлкен атақ.
Егер оған атақ берсеңдер, ертең басқа біреулер шығады “Қажымұқанға “Халық қаһарманын” берейік деп. Сосын Абай Құнанбаевқа, Кенесары ханға…
Халықтың ұлы тұлғаларға деген ерекше құрметі кез келген мемлекеттік атақ пен орден-медаль марапаттаулардан биік тұрады", - деп жазды ол.

Қаныш Сәтбаев - Қазақтан шыққан тұңғыш академик-геолог, Қазақ ССР Ғылым академиясының негізін қалаушы, тұңғыш президенті, Жезқазғанның мол кен қорын дәлелдеп, ауыр өнеркәсіптің дамуына жол ашқан. Ленин орденінің төрт дүркін иегері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты болды.

댓글
기타 기사