Үш баласынан айырылған әйел 51 жасында қайтадан ана атанды

456
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bJASePCrLU9wvQlsd7BS0IFaofNPIaPCmbrq5xvI.webp

Фото: lada.kz

Маңғыстау облысында өткен жылы үш бірдей перзентінен айырылған 51 жастағы Күмісай Палекеева қайтадан ана атанды. Ол 17 қарашада қыз баланы дүниеге әкелді. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Қайғылы оқиға былтыр Мұнайлы ауданына қарасты Қаламқас тұрғын алабында болған. Күмісай Палекееваның үш баласы улы газдан уланып, көз жұмған. Марқұмдардың үлкені 1995 жылы, ұлы 2009 жылы, ал кенже қызы 2012 жылы дүниеге келген.

Қаралы жағдайдан кейін ерлі-зайыптыға экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсімінен тегін өтуге мүмкіндік беретін сертификат табысталған. Осылайша, олар тағы бір сәби сүйіп, отбасын толықтыруға шешім қабылдаған.

Күмісай 51 жасында қайтадан ана атанатынына бастапқыда сенбегенін айтады. Оның сөзінше, балаларынан айырылғаннан кейін үй іші босап, өмірлерінде үлкен орны толмас қайғы қалған.

«Балаларымнан айырылған соң, үйіміз қаңырап бос қалды. Сол кезде ЭКҰ арқылы болса да бала көтеріп, дүниеге әкелсем деп шештім. Қасымызда сүйеніш болатын, қамқорлық танытатын жан болса, өмір сүруге, алға ұмтылуға күш табармыз деп ойладым», – деді ол.

Көптен күткен сәби кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Нәрестенің салмағы 3400 грамм, бойы 52 сантиметр. Дәрігерлердің мәліметінше, жүктілік кезінде ешқандай асқыну болмаған. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.

Нәрестеге Ария есімі берілген. Бұл есімді сәбидің әкесі таңдаған. Күмісай қызының алғашқы дауысын естіген сәттегі сезімін ерекше толқыныспен еске алады. Қазір анасы бар уақытын сәбиінің күтіміне арнап, осы қуанышқа себепкер болған жандарға алғысын білдіріп отыр.

Айта кетейік, отбасы биыл тағы бір маңызды шешім қабылдаған. Қыркүйек айында ерлі-зайыпты 13 жастағы ұл баланы асырап алған. Осылайша, отбасы жаңа мүшелермен толығып, өмірін қайта жалғастыруға мүмкіндік алған.

댓글
기타 기사