Өскемендегі даулы видео. Полиция тексеріп, істі жапты

247
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fdkE4efMaYVLqKJAzR405uIgao2yRGP6qIjwb3PC.jpg

Өскеменде қызының "ернінен сүйді" делінген әкеге қатысты тексеріс аяқталды. Бұл туралы бүгін, 16 қарашада ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол полиция аталған дерек бойынша тексеру жүргізгенін жеткізді.

«Қылмыс құрамы болмағандықтан, материалдарды номенклатуралық іске есептен шығару туралы шешім қабылданды», – деді Дүйсембеков.

Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова видеодағы жағдайды «қарым-қатынастың жол берілмейтін формасы» деп бағалады.

«Биыл біз жаңа пәнді, яғни «Жеке қауіпсіздік» курсын енгіздік. Оның аясында жетінші сыныптан бастап оқушыларға арналған арнайы тақырыптар мен оқу мақсаттары қарастырылған. Оларды балаларға педагог-психологтар түсіндіреді», – деді министр.

Сүлейменованың айтуынша, балалар қандай әрекеттің дұрыс екенін, ал қайсысы олардың жеке шекарасын бұзатынын түсінуі керек.

Бұған дейін желіде ер адамның қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген сәті түсірілген видео қызу талқылаған еді. 13 қарашада ШҚО полиция департаменті тексеру материалдары кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияға жолданғанын хабарлаған.

Облыс әкімдігі де тиісті мамандар оқиғаның мән-жайын зерделеп, отбасына қажетті қолдау көрсеткенін мәлімдеген. Ал қыздың әкесі өз құқықтарын сот тәртібімен қорғауға ниетті екенін айтқан еді.

Полиция тексеруінің қорытындысы бойынша қылмыс құрамы да, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері де анықталмаған.

댓글
기타 기사