Батыс ауданының тұрғындары табиғи газды пайдалана бастады

113
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SQ0e00lrTpCcaz3oMQQvMtSUMqeCgpFfmhOd1qvH.jpg

10 қарашадан бастап Жезқазған қаласының Батыс ауданына табиғи газ кезең-кезеңімен беріле бастады. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асуы – елді мекендерді газдандыру бағытындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың, Ұлытау облысы әкімінің қолдауы мен жауапты мекемелердің бірлескен жұмысының нәтижесі.

Бүгін қала әкімі Мұрат Бөрібаев пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының бас инженері Дильдабек Культимиров табиғи газға қосылған тұрғын үйлердің біріне барып, үй иесімен кездесті.

Тұрғындар көптен күткен табиғи газдың үйлеріне жеткізілгеніне қуаныштарын білдіріп, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға алғыстарын жеткізді. Олардың айтуынша, табиғи газдың қосылуы күнделікті тұрмысты едәуір жеңілдетіп, жеке тұрғын үйлердегі жайлылықты арттырады.

Газдандыру жобасы аясында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 960 тұрғын үйге газ қосуға арналған шығару нүктелері орнатылды. Аудандағы 8 газ тарату шкафының 5-еуі іске қосылды. Қалған 3-еуіне де газ беру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Қазіргі уақытта 80 абонент техникалық шарт алып, тұрғын үйлерін табиғи газ желісіне қосуға дайындық жүргізуде. Өзге тұрғындарға да қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеп, белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, газға қосылу ұсынылады.

Кездесу барысында қала әкімі тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтіп, газ желісіне қосылу кезінде барлық техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы қажеттігіне назар аударды.

Батыс ауданын газдандыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Алдағы уақытта тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

댓글
기타 기사