Қазақстандық онлайн кітапхана министрлікпен әріптестік орнатпақ

338
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ggQ7NLCxE6QYMHNK9rxdd0h6QxKuffteTdPqdr7m.webp

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының негізін қалаушылар Керім Аянқызы мен Ердәулет Құралды қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Кездесуде отандық кітап оқу мәдениетін дамыту, цифрлық платформаны жетілдіру және жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру мәселелері талқыланды.

Платформа негізін қалаушылардың айтуынша, министр олардың «PARAQTA» жобасы туралы жарияланымдарымен танысып, арнайы кездесуге шақырған.

Жиында министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған.

Атап айтқанда, министрліктің үйлестіруімен өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері таныстырылған. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам адам тіркелген. Қатысушылар 842 мыңнан астам кітап оқып, оқыған шығармалары туралы 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған. Кездесу барысында Арман Қырықбаев «PARAQTA» қосымшасының жұмысымен танысып, оқырмандардың белсенділігіне қызығушылық білдірген. Сондай-ақ жастарды кітап оқуға кеңінен тарту үшін қандай қолдау қажет екенін сұраған.

«PARAQTA» – оқырмандарға кітапты бастап қана қоймай, соңына дейін оқып шығуға мүмкіндік беретін қазақстандық платформа. Қазіргі уақытта жобаға 15 186 оқырман тіркеліп, 1,2 миллион бет оқылған. Ал 10 738 кітап толық аяқталған. Сонымен қатар платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.

Жоба бір жыл екі айдан бері жұмыс істеп келеді. Алты ай бұрын оның сайты іске қосылса, екі апта бұрын мобильді қосымшасы App Store дүкенінде қолжетімді болған.

Платформа негізін қалаушылардың айтуынша, қазіргі басты қажеттіліктердің бірі – электронды кітап қорын толықтыру. Бүгінде қосымшада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылған. Алайда оқырмандар платформаның өзінде оқуға болатын шығармалар санын көбейтуді сұрайды.

Осыған байланысты министрлік кітап қорын заңды негізде толықтыруға қолдау көрсетуге уәде берген. Сонымен қатар офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі де талқыланған.

Жоба авторлары министр Арман Қырықбаевқа және министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға бастамаға қызығушылық танытып, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

댓글
기타 기사