Хан ордасынан – Жиделі-Байсынға дейін. Экспедиция елге оралды

61
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ndxDt8tTYCnm7G4183Dz2LdbWSScTIkJ3CHzXeN7.jpg

«Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға (Байсун) дейін» атты халықаралық тарихи, мәдени-рухани экспедициясы сапарын аяқтап, Көкшетауға оралды.

Еске сала кетейік, тарихи экспедиция Республика күні қарсаңында Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңынан жолға шыққан болатын. Бүгін экспедиция мүшелерін алдымен Бурабайда қарсы алу рәсімі өтіп, кейін Көкшетау қаласындағы Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің конференц-залында сапар қорытындысына арналған кездесу ұйымдастырылды.

Жиынға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев қатысты.

Кездесу барысында экспедиция жетекшісі, қоғам қайраткері, өлкетанушы, жазушы Мұрат қажы Ыдырысұлы сапардың барысы, Өзбекстан аумағындағы тарихи орындар мен ғылыми мекемелерде өткен кездесулер, зерттеу жұмыстары туралы баяндады.

Экспедицияның негізгі мақсаты – Абылай хан дәуірімен байланысты тарихи бағыттарды зерделеу, қазақ және өзбек халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, көшпелілер өркениетінің құндылықтарын насихаттау болды.

Сапар барысында жиналған деректер, фото және бейнематериалдар алдағы уақытта халықаралық тарихи экспедицияның жинақ кітабы мен фотоальбомын әзірлеуге негіз болмақ.

Қорытынды кездесу экспедицияның ғылыми-танымдық нәтижелерін ортаға салып, тарихи мұраны бірлесіп зерттеу мен насихаттаудың маңызын талқылауға мүмкіндік берді.

댓글
기타 기사