Зеленский Украина Ресей бақылайтын аумақтан бас тартпайтынын айтты

372
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HmlpohrrJ8jCsL86UQHbK1P4cx6pdBEGWgoMY8x9.webp

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің Ресей бақылауындағы аумақтардан бас тартпайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Түркияға сапары аясында CNN Türk телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Зеленскийдің сөзінше, Қырымды қоса алғанда, Украинаның шығыс аумақтарын Ресейдің меншігі деп тану елдің Конституциясына, қоғамның ұстанымы мен ұлттық намысына қайшы келеді. Оның айтуынша, Мәскеу бұл талапты түрлі делдалдар арқылы жеткізуге тырысып келеді.

Украина басшысы қазіргі майдан шебінде атысты тоқтатуды қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде атады. Ал өзге мәселелерді кейінгі келіссөздер барысында талқылау қажет екенін жеткізді.

Сондай-ақ Зеленский Украина мен Ресей арасындағы ықтимал бейбіт келіссөздерде энергетика саласы, теңіздегі атысты тоқтату және тұтқындар алмасу мәселелері қарастырылуы мүмкін екенін айтты.

Оның пікірінше, алдағы саммиттің негізгі мақсаты – ешқандай алдын ала шартсыз толық атысты тоқтатуға қол жеткізу және оның орындалуын тиімді бақылау тетігін қалыптастыру. Бұдан кейін соғысты аяқтауға бағытталған жол картасы әзірленуі тиіс.

Зеленский қауіпсіздік кепілдіктері мәселесіне де тоқталды. Ол Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері қажет екенін айтып, Ресей тарапынан да мұндай мәселе көтеріліп отырған жағдайда оны талқылауға дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін Украина президенті Ресей басшысы Владимир Путинмен Түркияда кездесуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

댓글
기타 기사