Тіс емдеу кезінде үш жасар бүлдіршіннің жағдайы нашарлаған

134
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hsZU1ES1CLs6G85EKDLwy3oFVJ19SpCSuuYyisjc.jpg

Павлодарда стоматологиялық ем кезінде жағдайы күрт нашарлаған үш жастағы қыз бала жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Қазір бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл ақпаратты Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы растады.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 21 қазанда қалалық стоматологиялық клиникалардың бірінде болған. Баланың туысының айтуынша, тіс емдеу кезінде қыздың көзі аларып, тыныс алуы бұзылған.

Оқиғадан кейін көрші кабинеттегі медбике жедел жәрдем шақырған. Туысының сөзінше, жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап, кейін облыстық балалар ауруханасында тағы да жүрек тоқтауы тіркелген.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2023 жылы туған қыз бала 21 қазанда сағат 15:45-те облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Ол қабылдау бөлімін айналып өтіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

«Қазір қыз бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды ем жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады басқарма.

Сондай-ақ 22 қазанда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының (UMC) және Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілген. Мамандар науқасты емдеу тактикасы мен алдағы емдеу шараларын келіскен.

Басқарманың хабарлауынша, баланың жағдайы күн сайын дәрігерлердің қатысуымен өтетін консилиумдарда бағаланып отыр. Жағдай денсаулық сақтау басқармасы басшысының жеке бақылауында.

Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға беріледі.

댓글
기타 기사