Қазақстан президенті Ресей губернаторын қабылдады

185
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cYtqXV04l5l4CHoj2q00lSSbdD1qW9EDjSiYUedM.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады. Бұл туралы 19 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін дамытуда өңіраралық ықпалдастықтың маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ленинград облысының өнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы айтарлықтай әлеуетіне тоқталып, Қазақстан аталған аймақпен тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін растады. Президенттің айтуынша, Ленинград облысымен сауда-экономикалық қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.

Александр Дрозденко қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Ресей Президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді. Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың батырлығы мен қаһармандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар олардың ерлігі туралы естеліктер көздің қарашығындай сақталатынына назар аударды.

Әңгімелесу барысында өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Дрозденконы II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

댓글
기타 기사