Қытайдан Қазақстанға сәлемдеме жеткізу мерзімі ұзаруы мүмкін

252
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PTrHsvkyIOMeO0ZzqUM8kX6Dsq7GlTnV8lh3LE1U.webp

Қытайдан Қазақстанға сәлемдеме жеткізу мерзімі ұзаруы мүмкін. Бұл туралы Cargo 092, Jana Post және Luna Cargo тасымалдау қызметтері ескертті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

11 қазанда Cargo 092 компаниясы Қазақстан мен Қытай шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болғанын жеткізді. Өткізу бекеттерінің шамадан тыс жүктелуіне байланысты жеткізу мерзімі ұзаруы мүмкін.

«Қытай тарапындағы жағдайға ықпал етіп, шекарадан өту уақытын жеделдете алмаймыз», – деп мәлімдеді компания.

Тасымалдаушы барлық жүктің бақылауда екенін айтып, клиенттерден тауар жеткізуді жоспарлау кезінде ықтимал кідірістерді ескеруді сұрады.

Jana Post компаниясы жеткізілімдердің кешігуін Қытайдағы мерекелерге байланысты шекараның уақытша жабылуымен түсіндірді. 7 қазанда жарияланған хабарламада шекараның қайта ашылғаны және жиналып қалған сәлемдемелері бар жүк көліктері кезекпен өткізіліп жатқаны айтылған.

Компанияның сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Jana Post Temu, Pinduoduo және Taobao платформаларынан тапсырыс жеткізумен де айналысады.

Қазақстандағы тасымалдаушының сұрыптау орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Ал бөлімшелері күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді.

Luna Cargo да шекара ашылғаннан кейін жүк көліктері келе бастағанын хабарлады. Әдетте Алматыға жүк жеткізуге 6–8 күн қажет. Алайда мереке күндері жиналып қалған жүктерді тасымалдауға қосымша уақыт керек болады.

Компания клиенттерден қоймада орын босату және жаңа жүктерді қабылдауға мүмкіндік жасау үшін келген сәлемдемелерін тезірек алып кетуді сұрады. Келесі жүктің нақты қашан келетінін тасымалдаушы алдын ала білмейді. Жүктер транзиттік қоймаға түскен бойда жөнелтіп алынады.

Жеткізу мерзімдері қашан қалыпты жағдайға оралатыны компаниялардың жариялаған хабарламаларында нақтыланбаған.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай Халық Республикасының құрылған күніне байланысты 1–3 қазан аралығында Қытаймен шекарадағы автомобиль өткізу бекеттері жабылатынын ескерткен еді. Комитеттің мәліметінше, бұл шектеулер теміржол өткізу бекеттеріне қатысты болмаған.

댓글
기타 기사