Президент Тоқаев – Путинді, канцлер Мерц әскери қылмысты айтты

198
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qdGdS66aYSm3vWvC8MZdCpRVSgQE4ID8lC1IyofK.jpg

Ресейдің Киевке жасаған шабуылдары күшейген тұста Германия канцлері Фридрих Мерц Украина үшін қосымша әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйелерін іздестіріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол 29 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапары кезінде айтты, дер хабарлайды «Адырна» тілшісі.

DW тілшісінің сұрағына жауап берген Мерц 15-16 қазанда Брюссельде өтетін Еуропалық кеңес отырысына дайындық аясында еуропалық серіктестермен қарқынды консультациялар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Канцлердің айтуынша, әңгіме Украина бюджетіне нақты қолдау көрсету және ел қорғанысындағы ең әлсіз тұстардың бірі саналатын әуе қорғанысы жүйелерін күшейту жайында болған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский әскери шығындарды жабу үшін шамамен 27 миллиард доллар жетіспейтінін айтқан еді.

Мерц Киевке ӘШҚҚ жүйелерін жеткізу мәселесі бойынша әлемдік көшбасшылармен жеке келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресейдің азаматтық инфрақұрылымға шабуылдары жалғасуы мүмкін екенін ескеріп, Украинаның қыс мезгіліне дайындалуына көмектесу маңызды екенін атап өтті.

«Бұл – күн сайын жасалып жатқан әскери қылмыстар», – деді Германия канцлері.

Президент Тоқаевпен өткен баспасөз мәслихатында Мерц Ресейдің Украинаға қарсы соғысы кеңінен талқыланғанын айтты. Ол Қазақстан президентіне Ресей президенті Владимир Путинмен соғысты тоқтату мәселесін көтергені үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ канцлер Германияның Украинаға қолдау көрсетуді, оның ішінде дипломатиялық күш-жігерді жалғастыратынын мәлімдеді. Осы орайда ол жуырда Нью-Йоркте Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров арасында өткен кездесуді еске алды. Мерцтің пікірінше, Ресейдің бұл кездесуге берген реакциясы оның әзірге «маңызды келіссөздерге» мүдделі емес екенін көрсеткен.

Германияға екі күндік ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентімен өте жақсы қарым-қатынаста екенін айтып, Украинадағы соғыс туралы пікірін тыңдағаны үшін Владимир Путинге алғыс білдірді.

Тоқаев бұған дейін соғысты «тоқтата тұру» қажеттігін айтып, оның себептерін толық түсіне бермейтінін мәлімдеген болатын. Берлинде ол соғыстың жақын арада тоқтайтынын күтпейтінін, алайда қақтығысты уақытша тоқтату оны аяқтауға және дипломатиялық жолға көшуге алғашқы қадам болуы мүмкін екенін айтты.

«Әрине, Украинада болып жатқан оқиғалар бәрімізді алаңдатады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Қазақстанның қақтығыс басталғаннан бері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын, соның ішінде барлық мемлекеттіі аумақтық тұтастығын құрметтеу ұстанымын қолдап келе жатқанын атап өтті. Бұл ұстаным Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесу қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдемеде де көрініс тапқан.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапарының басты бағыты Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту болды. Бұл мәселе Герман-қазақ экономикалық форумында кеңінен талқыланды.

Қазіргі таңда Қазақстан Германияға мұнай жеткізетін елдер арасында Норвегия, АҚШ және Ливиядан кейінгі төртінші орында тұр. Соңғы төрт жылда екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен екі есеге өсіп, 8 миллиард еуроға жеткен.

댓글
기타 기사