Ватикан және Еуропа қорындағы деректер. Түркі мұрасы талданды

195
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xaCjp2onW2PLiX1T8Gek4mnB6xvTlpZa5nJB9MlL.jpg

Алматыда Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен «Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы: Ватикан және Еуропа қорларындағы жаңа деректер мен материалдар» атты халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды "Адырна".

Іс-шара 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024–2026 жылдарға арналған BR24993132 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасының қорытындысына арналды. Жоба Ватикан мен Батыс Еуропа елдерінің қорларында сақталған жаңа материалдар негізінде түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениетін зерттеуге бағытталған.

Конференция жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Маңғыстау облысында әскери міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қатысушылар марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Жиынды Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы ашты.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов құттықтау сөз сөйледі. Мәдениет және ақпарат министрінің құттықтау хатын Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев оқып берді.

Сонымен қатар конференцияға Ватиканның Қазақстандағы Апостолдық нунцийі, архиепископ Джордж Панамтундил қатысты. Ватикан Апостолдық кітапханасының префектісі Дон Мауро Мантовани арнайы құттықтау хат жолдады.

Жиында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және басқа елдердің ғалымдары баяндама жасады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Болат Көмеков, түркітанушы профессор Александр Гаркавец, Өзбекстан Ғылым академиясының профессоры Бахтияр Бабаджанов, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Шайыркул Батырбаева және Түркиядағы Ардахан университетінің профессоры Ердоған Алтынқайнақ бар.

Сондай-ақ Италия, Финляндия, АҚШ, Нидерланд және Түркияның ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері қатысты.

Ғылыми талқылаулар барысында Ватикан мен Еуропа қорларында сақталған түркі тіліндегі қолжазбалар, латын және араб дереккөздері, тарихи карталар, Дешті Қыпшақ пен Жошы Ұлысының тарихы қарастырылды.

Ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің Еуропа қорларында сақталған қолжазбаларына, «Кодекс Куманикусқа», армян-қыпшақ жазба мұрасына және Еуропа кітапханаларынан табылған Орталық Азияға қатысты тарихи материалдарға қатысты зерттеулерін таныстырды.

Конференция аясында екі ғылыми еңбек көпшілік назарына ұсынылды. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қалқаман Жұмағұлов «История и культура Тюркского мира (уникальные материалы Ватикана и стран Западной Европы)» атты ұжымдық монографиясын таныстырды.

Сондай-ақ Бағдат Дүйсеновтің «Ортағасырлық араб-түркі сөздіктері – тілдік-мәдени дереккөз» атты монографиясы таныстырылды.

Халықаралық конференцияның негізгі мақсаты – Ватикан мен Еуропа қорларында сақталған жаңа тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу, оларды салыстырмалы түрде зерттеу және түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын тереңірек зерделеу.

댓글
기타 기사