Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бәпи және Рауан Кенжеханұлы Халық кеңесінің құрамына кірді

182
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SLT9zngrqFPhzyFYjmXu4UtcfTx5rAxLDH9aGCez.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекітті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жаңа консультативтік органға барлығы 126 адам енді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту туралы №1474 Жарлыққа 22 қыркүйекте Астанада қол қойды. Құжат сол күні күшіне енді.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына өңірлерден, қоғамдық және этномәдени бірлестіктерден, қорлардан, кәсіподақтардан, бұқаралық ақпарат құралдары, ғылым, білім, спорт және бизнес салаларынан өкілдер кірді.

Кеңес құрамында қазақ тілін дамыту мен оның қоғамдық қолданысын кеңейту бағытында еңбек етіп жүрген азаматтар да бар. Олардың қатарында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи және «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы бар. Рауан Кенжеханұлы бұған дейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамында да болған.

Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Қазақ ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры Диляра Қайдарова, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко және Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Муталип енгізілді.

Бұдан бөлек, жаңа орган құрамында журналистер, дәрігерлер, оқытушылар, экологтар, волонтерлер, ұлттық спорт федерациялары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.

Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның негізгі міндеттерінің бірі – ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу. Бұл норма жаңа Конституцияның 70–71-баптарында бекітілген.

 

 

 

 

댓글
기타 기사