Ақтөбедегі сарбазды ұрып-соғу ісі. Анасы ұлын әскерден босатуды сұрады

154
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9FVGHEH8XNnnO3knOaHEmMTHNvntJqOiIihP7qYO.webp

Ақтөбедегі әскери бөлімде соққыға жығылған ақтаулық сарбаздың анасы ұлының жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Гүлдана Кетібаевның сөзінше, ұлы қатты арықтап кеткен.

«Көзі шүңірейіп, сақал-мұрты өсіп кеткен, қатты жүдепті. Киімін қоқыстан тауып алғандай, өте лас. Ауыстыратын киім де әкелмеген. Физикалық та, эмоционалдық та жағдайы өте ауыр. Жалпы, қараусыз қалған адам сияқты көрінді»,– деді ол.

Айтуынша, кездесуден кейін әскери бөлімнен ұлына ауыстыратын киім әкелінген. Әйел баласының денсаулығына да тоқталды. Қазір оған катетер қойылған, себебі ол өздігінен зәр шығара алмайды.

Кездесу кезінде сарбаз анасына шап тұсына соққы жасалғанын растаған. Әйелдің сөзінше, содан кейін оның жағдайы нашарлап, дәретке қалыпты түрде бара алмай қалған.

Анасының айтуынша, соққыға жығылғаннан кейін де сержанттар ұлына ауырсынуына байланысты физикалық тұрғыда орындай алмайтын тапсырмаларды беруді жалғастырған. Тапсырмаларды орындамағаны үшін оны қайтадан ұрған.

«Екі тәулік бойы ол зәр шығара алмаған. Тек содан кейін оны Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізді», – деді сарбаздың анасы.

Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, әскери прокуратура ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлігі («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл бап бойынша 5000 АЕК-ке дейін (21 625 000 теңге) айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Әскери қызметкер соққыға жығуға қатысы бар деп атаған сержанттардың аты-жөнін әйел әзірге жария етпеді. Себебі қазір іс тергеліп жатыр.

Қазір анасы ұлын басқа әскери бөлімге ауыстыруды талап етіп отырған жоқ. Ол баласының әскери қызметтен медициналық себептер бойынша босатылғанын қалайды. Қазіргі уақытта ата-анасы ұлымен бірге Ақтөбе облыстық ауруханасында жатыр.

 

댓글
기타 기사