Ақмола облысында алтын өндіру фабрикасының құрылысына орай капсула салынды

145
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rW4sP06xUHWlpAO3oMVAIFfEC19XvmP6z8siVXBQ.jpg

Ақмола облысында тау-кен металлургия саласындағы ірі инвестициялық жобаның жүзеге асуына жол ашылды. Бүгін Бурабай ауданындағы Райгородок кен орнында жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталуына орай естелік капсула салынды. Символдық рәсім өңірдегі өндірістік қуатты арттырып, облыстың дамуына жаңа серпін беретін жобаның басталғанын білдіреді.

Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, халықаралық Zijin Mining тобының және Zijin RG Gold компаниясының басшылығы мен өкілдері қатысты. Капсулаға болашақ ұрпаққа арналған жолдау салынып, оны 2076 жылы ашу жоспарланып отыр.

Ақмола облысы үшін бұл бағытты дамыту айрықша маңызға ие. Өңір ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары көрсеткіштерімен бұрыннан танымал. Мұнда жыл сайын мол астық жиналып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу дамып, ірі агроөнеркәсіптік база қалыптасқан. Сонымен қатар облыс экономикасы аграрлық сектормен ғана шектелмейді. Бүгінде өнеркәсіп, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу салалары қатар дамып, ірі инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.

Алтын өндіру саласының ауқымы да айқын. Ақмола облысы Доре қорытпасын өндіру бойынша республикада бірінші орында тұр. Өңір еліміздегі жалпы өндіріс көлемінің 54 пайызын қамтамасыз етеді. Облыста «Алтынтау Көкшетау» және «Қазақалтын» концернінің кәсіпорындары сияқты ірі өндіріс орындары жұмыс істейді. Бұл ретте саладағы даму қарқыны жалғасуда. «Алтынтау Көкшетау» кәсіпорнында жерасты өндіру тәсіліне көшу басталса, Райгородок кен орнында өндірісті кеңейтудің жаңа кезеңіне бүгін қадам жасалды.

«Бүгін біз жай ғана естелік капсула салып отырған жоқпыз. Райгородок кен орнын және Ақмола облысының тау-кен металлургия саласын дамытудың жаңа ірі кезеңіне жол ашып отырмыз. Бұл жобаны іске асыру өндірістік қуатты едәуір арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің еліміздегі жетекші алтын өндіру орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Біз үшін өндіріс көлемінің артуы өңір тұрғындары, жергілікті бизнес және жалпы өңірдің технологиялық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыратыны аса маңызды», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, Райгородок кен орнында бүгінде жұмыс істеп тұрған өндірістік база бар. 2022 жылы мұнда жылына 6,5 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы байыту фабрикасы іске қосылған болатын. Енді Zijin RG Gold компаниясы қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысын бастайды. Жоба толық іске асқаннан кейін кешеннің тау-кен және өңдеу қуаты жылына 16 млн тонна кенді құрайды.

Өңдеу көлемінің ұлғаюымен Доре қорытпасын өндіру көлемі де артады. Кешен бойынша алтын өндіру көлемі жылына 12 тоннадан асады деп жоспарланып отыр.

Жоба қолданыстағы өндірісті кеңейтумен ғана шектелмейді. Жаңа өндірістік кешен аясында энергетика және сумен жабдықтау нысандары, қалдық қоймасы, тау-кен және көлік инфрақұрылымы, жөндеу және қойма ғимараттары, әкімшілік нысандар мен вахталық кент салу көзделген.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – технологиялық жаңғырту. Компания заманауи автоматтандыру жүйелерін енгізіп, тау-кен техникасы паркін жаңартып, өндіріс тиімділігін арттыруды жоспарлап отыр. Гибридті дизель-электр жетегі бар техниканы пайдалану отын шығыны мен шығарындыларды азайтып, өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Кеңейту жұмыстары кен орнының ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға және компанияның өндірістік базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Біз халықаралық тәжірибе мен озық практикаларға сүйеніп, оларды жергілікті жағдайға, Қазақстан заңнамасына және кәсіпорынның ерекшеліктеріне бейімдей отырып қолданатын боламыз», – деді Zijin RG Gold компаниясының бас директоры Ли Кайвэнь.

Өңір үшін ірі өндірістің кәсіпорын аумағынан тыс жерлерде де сұраныс қалыптастыратыны маңызды. Өндірістік қуат артқан сайын мамандарға, қызметтерге, материалдар мен жергілікті жеткізушілердің өнімдеріне деген қажеттілік те өседі. Бүгінде Zijin RG Gold компаниясында 1,8 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның 51 пайызы – Ақмола облысының тұрғындары.

Осындай жобалардың негізгі нәтижесі де осында. Өндірістік қуат көрсеткіштерінің артында адамдар үшін нақты мүмкіндіктер тұр. Жаңа кәсіпорындар жұмыс орындарын ашып, мамандарға заманауи технологияларды меңгеруге және компания ішінде кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді. Ал шағын және орта бизнес үшін жаңа тапсырыс берушілермен жұмыс істеуге жол ашады.

«Біз үшін бұл жоба тек өндірістік қуатты арттырумен шектелмейді. Бұл – өңірдің дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және кәсіби өсуіне, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ облыс экономикасын нығайтуға бағытталған инвестиция», – деп атап өтті Zijin RG Gold компаниясының тең бас директоры Марат Шаймарданов.

Бүгінде Ақмола облысы ауыл шаруашылығындағы жоғары нәтижелерін сақтай отырып, өнеркәсіп өндірісін ұлғайтып, өңдеу және өндіру салаларындағы инвестициялық жобаларды белсенді түрде тартып келеді. Сондықтан Райгородокта бүгін салынған капсула – кезекті зауыттың құрылысына қатысты ғана символдық оқиға емес. Бұл – табиғи ресурстар, инвестициялар мен заманауи технологиялар өндірістің дамуына, ал түптеп келгенде, халық үшін жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына қызмет ететін өңірдің жалпы экономикалық даму бағытының жалғасы.

Бүгін капсулаға салынған болашаққа арналған жолдау да нақты бір кен орнымен ғана байланысты емес. Ол өңірдің бүгінгі негізгі міндетін айқын көрсетеді. Бұл – жаңа өндірістер құру, қайта өңдеуді дамыту, инвесторлар тарту және экономикалық өсудің басты нәтижесі Ақмола облысының тұрғындары үшін нақты мүмкіндіктерге айналатын жағдай қалыптастыру.

댓글
기타 기사