Ұлт мәдениетінің мұзда жанған алауы. Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 95 жыл

160
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LZPjgCOPaMyoQkn8S5DWzaImjAk3xmaJKvpURcDK.jpg

Бүгін, 28 тамыз – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның есімі ел тарихында айрықша орын алады.

Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Ол ғұмырын елдің мәдениеті мен тарихын зерттеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға және кейінгі ұрпаққа жеткізуге арнады.

Өзбекәлі Жәнібеков кеңестік кезеңнің өзінде қазақтың ұлттық мәдениеті мен тарихи мұрасына ерекше мән берді. 1970-жылдары оның бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар, Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлардың ашылуына ұйытқы болды. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізген «Арқас» қоғамының құрылуына да бастамашы болды.

Қайраткер ұлттық өнерді жаңғыртуға да айрықша үлес қосты. Оның қолдауымен «Шертер», «Адырна», «Алтынай» секілді фольклорлық өнер ансамбльдері ұйымдастырылды. Осы арқылы халқымыздың дәстүрлі ән-күйі мен өнерін кеңінен насихаттауға жол ашылды.

Өзбекәлі Жәнібековтің есімі Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруымен, сондай-ақ қазақтың біртуар тұлғаларының тарихи мұрасын халқына қайтару ісімен тығыз байланысты.

Ол Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев сынды арыстардың есімдерін ұлықтауға және шығармашылық мұрасын ел игілігіне қайта ұсынуға белсене атсалысты.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында да еңбек етіп, ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық мәдениет пен тарихтың сан қырын зерттеп, артына мол ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Оның қаламынан «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» сияқты еңбектер дүниеге келді.

Бұл шығармаларда халқымыздың салт-дәстүрі, ұлттық қолөнері, киім үлгілері, тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтары кеңінен қамтылған.

Еңбегі еленіп, Өзбекәлі Жәнібеков бірнеше рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.

1998 жылы дүниеден өткен көрнекті қайраткердің өнегелі жолы мен ұлт мәдениетін дамытудағы еңбегі бүгінде де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Оның өмірі – ұлттық мұраға адал қызмет етудің, тарихи жадыны сақтаудың және ел руханиятын жаңғыртудың жарқын үлгісі.

댓글
기타 기사