Президент Айбек Дәдебайды Құрылтай төрағасы қызметіне ұсынды

161
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bp29OfuoBUE40Um37Gh86s4UFn0RZlu9fMv4g61O.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Айбек Дәдебайды Құрылтай төрағасы қызметіне ұсынды. Бұл туралы ол Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының алғашқы сессиясында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

 «Жоғарыда атап өттім, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек.

 Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады.

 Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын”, - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарынан Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұрады.

 «Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді.

 Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», - деді Тоқаев.

Айбек Дәдебай 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген.

2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген. 2003 жылы магистратураны аяқтап, аймақтану мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2001–2002 жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері мемлекеттік университетінде халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы болып бастаған.

2008–2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының халықаралық ынтымақтастық және парламентаралық байланыстар бөлімінің сарапшысы, Сенат Төрағасының көмекшісінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарған.

2011–2013 жылдары Женева қаласындағы БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігінде атташе және үшінші хатшы қызметін атқарған.

2013–2019 жылдары Сенат Төрағасы хатшылығының орынбасары, кейін басшысы болды.

2019–2021 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

2021 жылғы мамырдан 2022 жылғы қаңтарға дейін Президент Іс басқарушысының орынбасары болды.

2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысы болып тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы лауазымына тағайындалған болатын.

 Сондай-ақ, ол "Әділет" партиясының төрағасы болды.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай төрағасы кім болуы мүмкін екенін саяси ортада талқылап, болжаған едік.

댓글
기타 기사