Бурабайдан Зерендіге дейін: Ақмола облысында 15 тонна қоқыс жиналды

84
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NcTDKc47cJqpeSGCrq6Q27WWnkN9p988fEi2VkPH.jpg

Бүгін Ақмола облысының Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және Зеренді ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында акциялар өтті. Бурабайда республикалық «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы, ал Зеренді ауданында «Игі істер күні» ұйымдастырылды.

Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде республикалық акцияға қатысушылар Үлкен Шабақты көлінің маңындағы аумақты тазалады. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының және Қазақстанның Азаматтық альянсының қолдауымен өтті.

Акцияға волонтерлер, экологиялық инфлюенсерлер, азаматтық қоғам өкілдері, «MADENI MURA» клубының мүшелері, сондай-ақ Бурабай ауданының «Жасыл ел» еңбек жасағы мен республикалық «Жасыл ел» штабының өкілдері қатысты.

Ал Зеренді ауданында экологиялық іс-шаралар барлық елді мекендерде өтті. «Игі істер күні» аясында тұрғындар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен белсенді азаматтар аумақтарды санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Акцияға барлығы 300-ге жуық адам қатысты. Жұмыстарды жүргізуге 10 арнайы техника жұмылдырылды. Елді мекендерден 15 тонна қоқыс пен тұрмыстық қалдық шығарылды. Көшелер, қоғамдық орындар, аулалар және бекітілген аумақтар тазартылды.

Айта кетейік, Зеренді ауылында экологиялық акцияға 90 адам қатысты. Мұнда көшелер мен бекітілген аумақтар тазартылып, бір тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды.

Жалпы, аталған акциялар Ақмола облысында «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды. Бастамалар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.

댓글
기타 기사