Бұланды ауданында №1 мектептің күрделі жөндеуі аяқталды

120
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kyy9ELzbQ8FZfbRCMHzbWXWS2YNA6qUGgd7GkYqo.jpg

Макинск қаласындағы №1 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, білім ордасы жаңа оқу жылын жаңарған ғимаратта қарсы алуға дайын. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған мектеп ғимараты алғаш рет ауқымды түрде жаңғыртылып, мұнда оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалды.

Күрделі жөндеу жұмыстары 2025–2026 жылдарға жоспарланған екі жылдық жоба аясында жүргізілді. Жобаның негізгі кезеңі биыл маусым айында басталып, жаңа оқу жылы қарсаңында толық аяқталды.

Жөндеу барысында мектептің инженерлік инфрақұрылымы жаңартылды. Атап айтқанда, электрмен, сумен және жылумен жабдықтау жүйелеріне жөндеу жүргізіліп, кәріз жүйесінің жекелеген элементтері ауыстырылды. Санитарлық тораптар да толық ретке келтірілді. Сонымен қатар ғимаратқа автоматты өрт дабылы мен бейнебақылау жүйесі орнатылды.

Білім ошағының ішкі бөлмелерінде де бірқатар жұмыстар атқарылды. Есіктер мен еден жабындары ауыстырылып, еденге тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бірінші қабаттағы қабырғалар сырланып, оқу кабинеттері мен өзге де бөлмелер жаңа оқу жылына дайындалды. Жобада көзделген барлық жұмыс толық көлемде орындалды.

Мектеп директоры Асения Сынгыровнаның айтуынша, бұл білім ордасының тарихындағы маңызды жаңарулардың бірі.

«Мектебіміз үшін бұл – айтулы оқиға. Ғимарат 1970 жылы салынған. Осы уақытқа дейін мұнда мұндай ауқымды күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазір инженерлік коммуникациялар жаңартылып, барлық бөлме ретке келтірілді. Ең бастысы – балалар мен педагогтер үшін оқу және еңбек етуге қолайлы жағдай жасалды. Мектеп жаңа оқу жылына толық дайын», – деді мектеп директоры.

Қазіргі таңда мектепте 680 оқушы білім алады. Оқу процесі инклюзивті білім беру қағидаттарын ескере отырып ұйымдастырылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына және мектепте жайлы ортада болуына қажетті жағдай қарастырылған.

Жалпы, биыл Бұланды ауданында бір мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар екі мектеп пен бір балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.

Жаңарған мектеп жаңа оқу жылында оқушыларға сапалы білім алуға, ал педагогтерге өз міндеттерін қолайлы жағдайда атқаруға мүмкіндік береді.

댓글
기타 기사