Орталық Азияда жаппай жарық сөнуінің себебі белгілі болды

221
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eFJxkhBP5aeSHq2voND7AORvlYXN548C4NntUrsD.webp

14 тамызда Орталық Азияның энергетикалық жүйесінде болған технологиялық апат себебі анықталған, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

«KEGOC» АҚ мәліметінше, 14 тамыз сағат 14:37-де Қырғызстандағы Токтоғұл су электр станциясында жалпы қуаты 600 МВт болатын екі гидрогенератор ажыратылған. Соның салдарынан «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиттік желісіне шамадан тыс жүктеме түсіп, Қазақстанның оңтүстік аймағы Біртұтас электр энергетикалық жүйеден және Орталық Азияның бірлескен энергетикалық жүйесінен ажыраған.

Оқиға салдарынан Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарының бір бөлігінде электр қуаты өшті. Сонымен қатар Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында да тұтынушылар жарықсыз қалды.

«KEGOC» мәліметінше, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы электрмен жабдықтау сағат 14:47-де толық қалпына келтірілді. Алматы мен Жетісу облыстарында электр қуаты сағат 16:26-да, ал Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында сағат 16:34-те қайта берілген.

Қазақстан энергетика министрлігінің хабарлауынша, Орталық Азия энергетикалық жүйесінен келетін электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі салдарынан апатқа қарсы автоматика іске қосылған. Бұл бірқатар өңірдегі тұтынушылардың электр желісінен ажыратылуына себеп болды.

Апат салдары Қазақстанмен қатар Орталық Азияның басқа да елдерінде байқалды. Өзбекстанның Сурхандария облысы мен кейбір өңірлерінде электр энергиясы уақытша өшкен. Қырғызстанда Бішкектің бірқатар ауданында электр қуаты үзілді.

Тәжікстанда да Душанбе, Куляб, Худжанд, Вахдат, Нүрек, Гиссар, Шахринав және Рогун қалаларында электрмен жабдықтауда үзілістер тіркелді.

Алматыда электр қуатының өшуіне байланысты бірқатар көшеде бағдаршамдар жұмыс істемей, көлік кептелісі пайда болды. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, Л-5400, Л-5300 және Л-5320 желілерінде апаттық ажырату болып, апатқа қарсы автоматика іске қосылған. Ажыратылған жүктеме көлемі 300 МВт-ты құрады.

 

댓글
기타 기사