Қазақ вальсінің королі туған күн

106
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/EixpGDph4IlYrmRTGxTWwa5bTE9sCmpyRfeE99NZ.webp

15 тамыз – қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, композитор, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

Биыл әйгілі сазгердің туғанына 96 жыл толып отыр.

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған есімі – Жәмшид.

Композитордың өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол әкесінің домбырасы мен сырнайын тартып, кейін мандолинада ойнаған. Музыкаға деген сүйіспеншілігінің қалыптасуына анасының ән айтуы және Күләш Байсейітованың орындауларын тыңдауы да әсер еткен.

Шәмші Қалдаяқов алғашқы білімін Қапланбек зооветеринарлық техникумында алып, кейін әскери училищеде, Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыка училищесінде білім алған. Сондай-ақ Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында композиторлық мамандық бойынша оқыды. Кейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде де білім алған.

Сазгердің шығармашылық мұрасы қазақ музыкасының алтын қорынан ерекше орын алады. Оның «Менің Қазақстаным», «Арыс жағасында», «Ақмаңдайлым», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында» секілді әндері халық арасында кеңінен танылды.

Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының негізіне айналды. Әнұранның музыкасын композитордың әуені, ал сөзін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазған.

Композиторға Қазақстанның халық әртісі атағы 1991 жылы, өмірінің соңына аз уақыт қалғанда берілді.

Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. Оның шығармалары бүгінде де қазақ музыкасының ажырамас бөлігі ретінде орындалып, кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып келеді.

댓글
기타 기사