Назарбаевтардың ісі. 15 адам арасындағы жер дауы сотқа жетті

181
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Алматы облысында марқұм Болат Назарбаевтың балаларына қатысты жер теліміне байланысты сот ісі басталды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Қарасай ауданының прокуратурасы жер учаскесін сатып алу-сату және қабылдау-тапсыру туралы келісімдерді жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа талап арыз берген.

Сот құжаттарына сәйкес, талапкер – Қарасай ауданының прокуроры. Жауапкерлер қатарында Қарасай ауданының әкімі, аудандық жер қатынастары бөлімі, сондай-ақ үш компания бар. Олардың бірі – Kurylys LTD. Аталған компания бұған дейін Болат Назарбаевқа тиесілі болған «Алтын Орда» базарына қатысты сот дауларында да аталған.

Іс бойынша жауапкерлер қатарында Болат Назарбаевтың жұбайы, оның ұлы Нұрбол және тағы 13 баласы бар. Кәмелетке толмаған балалардың соттағы мүддесін олардың заңды өкілдері қорғайды.

Прокуратура соттан жер учаскесіне қатысты сатып алу-сату шарттары мен қабылдау-тапсыру актісін жарамсыз деп тануды талап етіп отыр. Алайда қазіргі таңда сот материалдарында жердің балалардың атына қандай жолмен өткені және мәміленің нақты қандай негізде жарамсыз деп танылуы сұралғаны көрсетілмеген.

Сот талап арызды өндіріске қабылдап, азаматтық іс қозғаған. Қазіргі уақытта тараптар іс материалдарымен танысып, өз дәлелдері мен түсініктемелерін ұсынуға құқылы. Сонымен қатар тараптарға дауды сотқа дейін немесе сот барысында бітімгершілік арқылы реттеу мүмкіндігі берілген.

Іс бойынша алғашқы сот отырысы тамыз айының соңына белгіленген. Алдын ала әңгімелесуден кейін сот істі қараудың одан арғы тәртібін анықтайды.

Бұл – Болат Назарбаевтың балаларына қатысты алғашқы сот дауы емес. Бұған дейін олардың аты бірнеше азаматтық іс бойынша жауапкер ретінде аталған.

Сонымен қатар Нұрбол Назарбаевтың миллиардтаған теңге көлеміндегі қарызына байланысты банкроттық рәсімін бастауға бірнеше рет әрекет жасағаны белгілі. Ашық сот материалдарына сәйкес, оның мемлекет алдындағы қарызы 63,7 миллиард теңгеге жетеді. Оның негізгі бөлігі – мемлекетке қайтарылуы тиіс активтер мен сот шығындары.

Қазір Алматы облысындағы жаңа жер дауына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Соттың түпкілікті шешімі әзірге шыққан жоқ.

댓글
기타 기사