Омбыдағы оқшау отырыс. Президент Тоқаев Ресей-Украина қақтығысын уақытша тоқтатуға шақырды

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rJHoxFBIKeh5ajOfmJBoNKLnKN8jGdxep680sVDX.webp

Фото: ТАСС

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатуға шақырып, өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақстан Президенті Тоқаев Ресей басшысы Путинмен Омбыда өткен кездесуде екі ел арасындағы қақтығысқа тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбітшілік пен диалогты қолдайтынын айтты.

«Қазақстан бөтен ел емес. Дегенмен түрлі ұсыныстарға қарамастан, мен араағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы мемлекет, ал орыс халқы – ұлы халық. Сондықтан күн тәртібіндегі мәселелерді Ресейдің өзі сыртқы араағайынсыз-ақ шеше алады деп есептеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Ресей мен Украина арасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатудың маңыздылығына тоқталып, қақтығыстың жағдайы туралы айтты.

"Бұл жерде қандай да бір азаматтық соғыс туралы сөз болып отырған жоқ. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қарадық. Сондықтан бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, соның ішінде бізге де толық түсінікті емес деп есептейміз. Мысалы, Әзербайжан мен Армения арасындағы, оның ішінде ұзақ уақытқа созылған қақтығыстың мәні мен шығу төркіні бізге анық еді. Өйткені оның тарихи себептері тереңде жатыр. Ал бұл жағдайдың мәнін түсіну әлдеқайда қиын", - деді Президент. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде 2022 жылы Ыстамбұлда өткен келіссөздердің нәтижелеріне сүйенетін «Ыстамбұл формуласы 2.0» нұсқасын қарастыруды ұсынды.

«Мүмкін, бұл қақтығысты уақытша тоқтатып, Ыстамбұл формуласы 2.0-ге қайта оралу керек шығар. Өйткені сол кезде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген еді», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осылайша, Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы бейбіт диалогты қолдауға бағытталғанын, сонымен бірге елдің халықаралық дауларда арағайындық миссияны өз мойнына алмайтынын атап өтті.

РИА агенттігінің мәліметінше, Ресей басшысы бұл мәселе бойынша Қазақстан Президентіне жеке кездесу барысында жан-жақты ақпарат беретінін айтқан. «Украина бағытына қатысты айтатын болсақ, бүгінгі әңгімеміз барысында сізге бұл жөнінде толық мәлімет беремін», – деген Владимир Путин.

댓글
기타 기사