Президент Тоқаев кезеңіндегі ең ауқымды реформалар көлік-логистика және қаржы саласында жүзеге асты – журналист

189
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2S6srPqK2htHRpVmag2Ze5EWuHhY8fSQtPtIMjoh.jpg

Журналист, пиар маманы Ербол Азанбек Президент Тоқаевтың президенттігі кезеңінде елдің ұзақмерзімді дамуына ықпал ететін ең маңызды реформалар көлік-логистика және қаржы-банк жүйесінде жүргізілгені туралы айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Оның айтуынша, пандемия, жаһандық инфляция және геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға басымдық берді. Соңғы жылдары Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал теміржол жобалары іске қосылып, Алматыны айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар 125 теміржол вокзалын жаңғырту, халықаралық автодәліздерді кеңейту, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңарту және жүк тасымалын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Медиа маманның пікірінше, ерекше назар Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға аударылған. Нәтижесінде 2024 жылы бұл бағыт арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаға жеткен. Сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарын кеңейту, контейнерлік терминалдар салу және мультимодальды тасымалды дамыту жұмыстары жалғасуда.

Ербол Азанбек қаржы және банк жүйесінде де соңғы жылдары жүйелі реформалар жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң қабылданып, базалық және әмбебап банктік лицензиялар енгізілді. Сонымен қатар корпоративтік басқару талаптары күшейтіліп, халықаралық банк қадағалау стандарттары енгізілді, исламдық қаржыландыруды дамытуға және цифрлық қаржы активтерін құқықтық реттеуге мүмкіндік жасалды.

Сонымен қатар, кредиттік алаяқтықтың алдын алу тетіктері күшейтіліп, биометриялық сәйкестендіру кеңейтілді, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа нормалар қабылданды. Бұдан бөлек, соттан тыс банкроттық рәсімдері жеңілдетіліп, қарыздарды қайта құрылымдау мүмкіндіктері кеңейтілді.

Ол цифрлық қаржы жүйесінің қарқынды дамуына да тоқталды. Соңғы жылдары Қазақстанда мобильді төлемдер, QR арқылы төлем жасау, онлайн несие беру, цифрлық мемлекеттік қызметтер мен банктердің цифрлық экожүйелері кеңінен дамыған. Сонымен бірге Бірыңғай QR жүйесі іске қосылып, цифрлық теңге айналымға енгізілген.

Ербол Азанбектің пікірінше, соңғы бес-жеті жылда жүзеге асқан реформалар Қазақстанның көлік-логистика және қаржы салаларының дамуына жаңа серпін берді. 

댓글
기타 기사