Атырау–Ақтөбе пойызындағы өлім оқиғасы. Пойыз бастығы мен екі жолсерік қызметінен кетті

216
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fflBCIwivV5af1FT3hyrv2pCXcVYdzohlpgsjtV7.jpg

Атыраудан Ақтөбеге бағыт алған жолаушылар пойызында билетсіз мінген ер адамның жол үстінде кенеттен қайтыс болуына байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша пойыз бастығы мен екі жолсерік жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Kazinform-ға сілтеп.

«Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылғы 13 шілдеде №691/692 жолаушылар пойызы Қандыағаш–Ақтөбе учаскесінде қозғалып келе жатқан кезде болған.

Пойыз бастығының рапортында марқұмның жол жүру билеті болмағаны көрсетілген. Тергеу барысында оның вагонға жолсеріктің заңсыз кіргізуі арқылы отырғаны анықталған.

Компанияның хабарлауынша, оқиға болған вагон 2023 жылы шығарылған. Вагондағы кондиционер қалыпты режимде жұмыс істеп тұрған, ал ішкі температура белгіленген талаптарға толық сәйкес болған.

Пойыз Ақтөбе станциясына келгеннен кейін марқұмның денесі тиісті процессуалдық шараларды жүргізу үшін құзырлы органдарға тапсырылды.

Оқиға болған күні тасымалдаушының «Батыс» филиалы ішкі қызметтік тексеру ұйымдастырды. Нәтижесінде екі жолсерік пен пойыз бастығы қызметінен босатылды. Сонымен қатар, Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту нұсқаушысына қатаң сөгіс берілді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамның өліміне екіжақты пневмония себеп болған. Құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтердің жарияланбайтынын мәлімдеді.

댓글
기타 기사