Аптап ыстық. Қазақстандағы республикалық жолдар тәулік бойы бақылауға алынды

208
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZVDeNoe3gSFMYiZY2XmSJr30LNE2bOWYv89jC9Op.webp

Қазақстанда ауа температурасының күрт жоғарылауына байланысты цементбетон жабыны бар республикалық маңызы бар автожолдар күшейтілген бақылауға көшті. Аптап ыстықтың әсерінен Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарындағы бірнеше жол учаскесінде температуралық деформациялар тіркелді, деп хабарлайды "Адырна".

18 шілдедегі мәліметке сәйкес, жол қызметтері жалпы ұзындығы 1 636,5 шақырымды құрайтын цементбетон жабыны бар автожолдарды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.

Жоспарлы тексерулер барысында үш өңірде алты учаскеде жол жабынының жоғары температура салдарынан деформацияланғаны анықталды. Ақау байқалған орындарға арнайы техника мен жол жөндеу бригадалары жедел жіберілді.

Жөндеу жұмыстарына 51 маман мен қажетті техника тартылды. Мамандардың жедел әрекет етуінің арқасында анықталған барлық ақау қысқа уақыт ішінде қалпына келтіріліп, жол қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда жол қызметтері күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Мамандардың айтуынша, аптап ыстық кезінде цементбетон жол жабынының температурасы +60...+70 градусқа дейін, кей жағдайларда одан да жоғары көтеріледі. Соның салдарынан бетон плиталарының ішінде кернеу пайда болып, жол жабынында температуралық деформациялар орын алуы мүмкін.

Осыған байланысты жолшылар жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдардың техникалық жағдайын үздіксіз бақылаудың маңызы зор екенін атап өтті. Бұл ақауларды дер кезінде анықтап, жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

댓글
기타 기사