Қытай Тәжікстанның мұнай-газ қорын барлауға кірісті

143
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gDifeFnlJorWKZgQTerRZeRKtutAxGZi2r9H55Gt.jpg

Тәжікстан негізінен Ресей жеткізетін жанармай импортына тәуелділікті азайту үшін елдегі мұнай және газ қорларын геологиялық барлаумен белсенді түрде айналысып жатыр. Бұл жөнінде ел Үкіметі жанындағы Геология бас басқармасының жетекшісі Ильхом Оймухаммадзода мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ферғанаға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жобалардың басым бөлігі техникалық тұрғыдан Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы тарапынан жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, барлау жұмыстары Памир, Гиссар-Алай және Гиндукуш тау жүйелерінің арасындағы Тәжік ойпатында жүргізілуде. Қытайлық мамандар мұнда ауқымды геофизикалық зерттеулер өткізіп, нәтижелерін тәжікстандық тиісті мекемелерге тапсырған.

Қазіргі уақытта қытайлық мамандар сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша бұрғылау үшін ең перспективалы құрылым анықталмақ. Барлық мәлімет жыл соңына дейін талданады. Сондай-ақ тереңдігі 7 мың метрге дейін жететін барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана аталған аумақта өнеркәсіптік көлемдегі мұнай мен газ қорының бар-жоғы белгілі болады.

Оймухаммадзода басқа да кен орындарына қатысты ақпаратпен бөлісті. Бұрын перспективалы деп саналған Рангон газ кен орнында да қытайлық компания жұмыс істеп жатыр. Компания бұл аумақты игеруге лицензия алғанымен, қосымша геологиялық барлау жүргізу туралы шешім қабылдағандықтан, әзірге өндіріс басталмаған.

Ал Сарықамыс учаскесінде дайындық жұмыстарын Ресейдің «Газпром» корпорациясы жүргізген. Мұнда шамамен 6,5 мың метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланғанымен, кейін жоба тоқтатылған. Себебі бірнеше өнімді қабат анықталғанымен, олар өнеркәсіптік көлемдегі газ қоры бар деген қорытынды жасауға жеткіліксіз болған.

Геология басқармасының басшысы қазіргі таңда елде тек геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Яғни әзірге Тәжікстанның ешбір аумағында ірі мұнай немесе газ қоры ресми түрде расталған жоқ.

Айта кетейік, Тәжікстан мұнай өнімдерінің импортына толықтай дерлік тәуелді. Ресей – жанармайдың негізгі жеткізушісі. Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылы Ресей Тәжікстан нарығының 84 пайызын бақылап, 1,2 миллион тоннадан астам мұнай өнімдері мен сұйытылған газ жеткізген. Сонымен қатар импорттағы үлес Өзбекстанда шамамен 5 пайыз, Қазақстан мен Түрікменстанда 3 пайыздан, Беларусьта 3 пайызға жуық, ал Қырғызстанда 0,5 пайызды құрайды.

Өткен жылы Тәжікстан бензин мен өзге де жанармай түрлерін шетелден сатып алуға 959 миллион доллардан астам қаржы жұмсаған.

댓글
기타 기사