Қазақстанның атом өнеркәсібін 2050 жылға дейін дамыту

163
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZjNE0qbYKgQ5gdn0mBcr5DKUXymEuogBKmXEHh2n.jpg

Еліміздің атом энергетикасын, өнеркәсібі мен ғылымын дамыту, экономикада заманауи, тиімді және қауіпсіз ядролық технологияларды қолдану – мемлекетіміздің басым даму бағыттарының бірі.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігімен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, тәсілдерін және басым бағыттарын айқындайтын ұзақ мерзімді бағдарламалық құжат әзірленіп, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 15 сәуірдегі Жарлығымен «Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясы» бекітілген.

Ол жаһандық үрдістерді және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып әзірленген, ұлттық энергетикалық қауіпсіздік пен орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауға бағытталған.

Осы Стратегия аясында еліміздің бәсекеге қабілетті атом саласын дамыту жолындағы келесі негізгі бағыттар қарастырылған.

Атом энергетикасы

Атом энергетикасын дамыту және заманауи әрі қауіпсіз атом энергетикалық технологияларын кеңінен енгізу парниктік газдардың техногендік шығарындыларын қысқарту жөніндегі міндеттемелерді орындауға ықпал ете отырып, көмірсутек көздеріне тәуелділікті бір мезгілде азайта отырып, өнеркәсіп пен Қазақстан халқы үшін электр энергиясын сенімді және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы Стратегияға сәйкес 2050 жылға қарай Қазақстан Республикасында кемінде үш АЭС жұмыс істейтін болады. Технологиялық және экономикалық орындылықты ескере отырып, шағын модульдік реакторлар базасында АЭС салу жолдары да қарастырылатын болады. Мұның бәрі экономиканың энергетикалық секторын әртараптандыруға және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Атом өнеркәсібі

Уран өнеркәсібін және ядролық отын циклінің негізгі кезеңдерін дамыту елдегі уран өндірудің оңтайлы көлемін, сенімді ресурстық базаны және отандық атом энергетикасының қажеттіліктері үшін стратегиялық отынды қамтамасыз етуге, сондай-ақ уран ресурстарын Қазақстан Республикасы халқының игілігі үшін неғұрлым ұтымды пайдалануға және қосылған құны жоғары, оның ішінде экспортқа бағдарланған жоғары шекті өнімді шығаруды игеруге мүмкіндік береді.

Ядролық ғылым және қолданбалы технологиялар

Ғылымды және ғылыми-техникалық базаны дамыту атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының ғылыми-инновациялық әлеуетін едәуір арттыруға, оның ішінде тіршіліктің өзге де салаларында пайдаланылатын радиациялық технологияларды дамыту, жаңа буын реакторларын құру, термоядролық энергетиканы және одан да басқа бағыттардағы зерттеулерді қоса алғанда, озық ядролық технологияларды ілгерілетуді қамтамасыз етуге, ұлттық экономиканың бірқатар секторларында тиімді ядролық технологияларды дамытудың өкілді отандық ғылыми-техникалық қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ядролық медицинаны дамыту денсаулық сақтауда инновациялық ядролық технологияларды енгізу, радиофармпрепараттар өндірісін, сондай-ақ сәулелік терапияның инновациялық әдістерін кеңейту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасы мен орташа ұзақтығын арттыруға тікелей жәрдемдеседі.

Радиоактивті қалдықтар және пайдаланған ядролық отын

Нақты нормативтік құқықтық және дамыған инфрақұрылымдық базаны құруды көздейтін радиоактивті қалдықтармен (РАҚ) және пайдаланылған ядролық отынмен (ПЯО) жұмыс істеудің заманауи және тиімді жүйесін құру РАҚ-тың Қазақстан Республикасының халқы мен экологиясына теріс әсерін едәуір төмендетуге, оларды түпкілікті оқшаулау мәселесін шешуге, РАҚ-пен және ПЯО-мен жұмыс істеу объектілерін жүйелендіруді және сапалы мониторингтеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нормативтік база

Нормативтік құқықтық және институционалдық базаны дамыту уәкілетті мемлекеттік органдардың құрылымдарын нығайтуға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қызметті сапалы бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етуге, нормативтік құқықтық базаны үйлестіруге және жетілдіруге, халықаралық шарттар мен конвенциялар ережелерінің орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл генерация объектілерінің және атом энергиясын пайдаланудың өмірлік циклінің бүкіл кезеңінде қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кадрлар даярлау

Кадрларды даярлаудың орталықтандырылған ұлттық жүйесін құру атом саласын, сондай-ақ оған іргелес салалар мен өнеркәсіп саласын отандық жоғары білікті кадрлардың қажетті санымен қамтамасыз етуге, көптеген тиісті мамандықтар бойынша білім беру процесін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандармен қатар, еліміздің атом саласын дамыту бойынша негізгі іс-шараларын іске асыру еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өндірісті жергіліктендіруге және технологияларды трансферлеуге және көрсетілетін қызметтерді экспорттауға, отандық өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуды қолдау есебінен елеулі пайда алуға жәрдемдесетін болады.

Жалпы, атом саласын дамыту энергетикалық қауіпсіздікті және халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрақты экономикалық өсуге үлес қосады. Еліміздің атом саласын дамыту инвестицияларды ауқымды тартуды, өнеркәсіпті жаңғыртуды және өңірлерді дамытуды қамтамасыз етеді, жоғары технологиялық экспорттың үлесін арттырады, сондай-ақ салық түсімдері мен жалпы ішкі өнімнің өсуі есебінен мемлекеттің қаржылық дербестігін нығайтады.

댓글
기타 기사